Жаңалықтар

Патронат тәрбиешілердің төлемақысы екі есе өсіп, 120 мың теңгеге жетті

Фото: unsplash

Патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін төлемақы ұлғайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен биылғы маусым айынан бастап патронат тәрбиешілер бұрынғы 60 мың теңгенің орнына енді 120 мың теңге алатын болады. Төлемақы әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде ол 35 айлық есептік көрсеткішке ұлғайды.

Комитет төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, патронат тәрбиешілердің қызметіне төленетін төлемақы мөлшерін арттыру бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Біздің ойымызша, патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны арттыру осы отбасыларда тәрбиеленетін балалардың өмір сүру деңгейін жақсартады», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, интернат ұйымдарында 3 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр. Соңғы 10 жылда балалар үйінің саны 2,5 есеге, ал ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есе азайған. Осы бағыттағы бастамаларды әрі қарай да тиімді жүзеге асыру үшін министрлік Патронаттық тәрбие туралы ережеге өзгерістер енгізіп, нәтижесінде патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны көбейту заңнама тұрғысында реттелді.