Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қытысып, онда Қазақстанның Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздейтінін айтты.
Геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің белең алуы әлемдік экономиканы өзгеркенін, оның экономиканы баяулатып қана қоймай, жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіріп жатқанын айтып, цифрландырудың маңызына тоқталды.
«Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді. Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр», деді мемлекет басшысы.
Болжам бойынша алдағы 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданыла бастайды. Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өткен президент:
«Цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз. Таяуда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Мұны бізге артылған зор сенім және Қазақстанның әлемдік аренаға шығудағы маңызды кезеңі ретінде қабылдадық», деді.
Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттық шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанына қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгергенін айтқан мемлекет басшысы осы жылдың төрт айыда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрағанын, бұл көрсеткіштің бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш есе көп екенін атап өтті.
«Экономикамыздың барлық негізгі секторында оң динамика байқалады.Былтыр біз шетелден 28 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бір айта кетерлік жайт, шетелдік инвесторлар шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытады. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 миллиард долларға жетті. Экономикалық өсім туралы айтқанда, біз тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана емес, сапаға да мән беруіміз керек. Осы ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу», деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында тұрған Қазақстан цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кірген.
«2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Қазақстанның басты мақсаты – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса түседі», деді .