Ресейде инфляция деңгейі көтеріле бастады
Ресейде маусым айының бірінші аптасының қорытындысы бойынша жүзге жуық тауар мен қызметтен тұратын тұтыну себеті 0,21%-ға қымбаттады, деп хабарлады сәрсенбіде елдің Экономикалық даму министрлігі.
Атап айтқанда, апталық инфляция 2,5 есе өскен. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 0,08%-ды құраған. Ал жылдық көрсеткіште 2,4%-дан 2,7%-ға дейін көтерілген.
Апталық инфляция – ақпаннан бері күрт көтерілді және маусымдық нормадан асып кетті. Сарапшылар мұның қорқынышты көрсеткіш екенін айтады, өйткен соңғы 8 жылда, маусымның бірінші аптасында баға өсімі ешқашан 0,2%-дан аспаған.
Рубльдің әлсіреуі ел эконмикасына қысымды ұлғайтты. Жыл басынан бері доллар 14%-ға, еуро 16%-ға қымбаттаған. Нәтижесінде импорттық тауарлардың бағасы өсіп – дәрі-дәрмек пен тұрмыстық химия заттары қымбаттаған.
Росстат мәліметтері бойынша, азық-түлік инфляциясының жыл басынан бері ең төменгі деңгейі 2,36%-ды құраған. Бірақ жекелеген азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері қарқынды өсіп, картоп – 17,8%-ға, сәбіз – 62,2%-ға, пияз – 119,1%-ға, қырыққабат – 138,3%-ға қымбаттаған.
Сонымен қатар соңғы екі аптада тауық етінің де бағасы өсе бастады. Оның бағасы – бір апта бұрынғы 1,5% көрсеткіштен 2,4%-ға дейін жетті. Өз кезегінде тауық өнімдерін өндіруші ірі аймақ Белгород облысындағы жағдай оның бағасына да теріс әсер етті.
Сонымен қатар демалыс маусымында әуе билеттерінің бағасы, демалыс үйлері мен пансионаттардың жолдамалары да қымбаттаған.
Десе де, жылдық инфляция орталық банк бекіткен 4 пайыздық мақсатты көрсеткіштен әлі де төмен. Бірақ бұл тек статистикалық «базалық әсер». Соғыстың алғашқы айларында бағаның өсуі көп жылдан бергі рекордты көрсеткішке жетіп, 2022 жылдың наурыз айында баға 1990 жылдардың соңынан бері болмаған 7,6%-ға өскен. Ал жылдық инфляция 2001 жылдан бері максимум көрсеткіштерге жетті. Содан кейін біртіндеп төмендеген.
Алайда, Ресей Орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллин «базалық әсердің» аяқталғанын, алдағы уақытта инфляциялық қысым күшейе түсетінін мәлімдеді. Банк болжамы бойынша жыл соңына қарай инфляция үдей түсіп, 4,5-6,5%-дейін жетуі ықтимал.