Тоқаев Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды

Жарияланды

Фото: Ақорда

2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ», – деді мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды.

«Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын. Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет», – деді Тоқаев.

Қазақстан астанасында 8-9 маусым аралығында әлемнің 70 елінен мыңнан аса қонақтың басын қосқан «Астана халықаралық форумы» өтіп жатыр. Сондай-ақ форумға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының басшысы Зелка Цвиянович, Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Арипов, ЮНЕСКО-ның бас директоры Одри Азуле, ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева және тағы басқалар қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз