Фото: Асқар Ахметуллин
Ірі халықаралық қақтығыстар кезінде әрбір мемлекет ең алдымен өз ұлттық мүддесін жоғары қоюға тиіс. Сондықтан оған бір тарапты ғана таңда деп шарт қою – дұрыс емес. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Астана» халықаралық форумының панельді сессияларының бірінде осындай пікір білдірді.
«Қазақстан ұлттық мүддемізге негізделген саясатты жүзеге асырып келеміз. Ұлттық мүдде деген не? Ол: жеріміздің тұтастығы, тәуелсіздігіміз, азаматтардың қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы. Сондықтан ол мемлекеттен қай тарапты таңдаған жөн деп сұрау – дұрыс емес, оның орнына бүгін, ертең, алдағы жылдары ұлттық мүддеңіз қандай деп сұрау керек», – деді Әшімбаев.
Осы тұрғыда Сенат төрағасы Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – тәуелсіздікті сақтау мен нығайту, сонымен қатар экономикалық даму мен өсу деп атады. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміз барлық ірі мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуы қажет.
«АҚШ – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. Америкалық компаниялар энергетика саласына көп инвестиция салды. Сондықтан біз бұл инвестицияға алғыс білдіре отырып, олармен бірлесе жаңа жобалар жасағымыз келеді. Бұл ретте біз қытайлық компаниялармен, еуропалық компаниялармен жұмыс істеуге мүдделіміз. Әрине, Ресей – біздің басты серіктестеріміздің бірі», – деп қосты Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттер «стереотиптер мен қырғи-қабақ соғыс тәсілдерін» өткен күннің еншісінде қалдыруы керек.
«Бүгінде халықаралық жүйе ірі мемлекеттердің мүддесі төңірегінде дамып келеді. Менің ойымша, 21 ғасырда бұл дұрыс емес. Бізге бүкіл мемлекеттердің мүддесі ескеріліп, бәріне бірдей құрмет көрсетілетін жаңа парадигма қажет. Бұл жаңа басымдық. Менің ойымша, бізге осы бағытта жұмыс істеу керек және Қазақстанның халықаралық күн тәртібінде де осы ұстаным», – деді Сенат төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр деп мәлімдеген болатын.