МКК кәсіпкерлік қызмет белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтер жинай бастады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

3 жыл ішінде дара кәсіпкерлердің саны 1,1 миллионнан 1,6 миллион адамға дейін өскен. Бұл жайлы Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Данияр Жанәлінов айтты.

«2023 жылдан бастап шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық салу режимінде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді салық төлеуден босату кезеңі аяқталды. Осы 3 жыл ішінде дара кәсіпкерлердің саны 1,1 миллионнан 1,6 миллион адамға дейін өсті. Дегенмен, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр», деді комитет төрағасы.

Сонымен бірге 2022 жылы бір дара кәсіпкердің орташа кіріс сомасы 9,2 миллион теңгені құраған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 5,1 миллион теңге болған.

Алайда , 1,2 миллион дара кәсіпкерде жалдамалы жұмысшылары жоқ, ал 89,3 мың дара кәсіпкерде 1 ғана жалдамалы қызметкерден ұстаса, 9,5 пайызында ғана 5-тен астам қызметкерді жұмыспен қамтыған.

Үкімет кәсіпкерлердің қызметкерлерін «көлеңкеден» шығару мақсатында 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорының 20 пайызы мөлшерінде жалақыдан бірыңғай төлем енгізген. Сонымен бірге кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдайлар жасау үшін 2023 жылдан бастап жаңа форматта бөлшек салық режимі де енгізілді.

«Біз бұл режимді салықтан жалтарудың жаңа схемаларын жасаудан гөрі, адал бизнесті пайдалану үшін жасадық. Бүгінгі таңда 3 390 кәсіпкер осы режимге көшті және біз болашақта бұл режимнің кеңінен таралуын күтеміз», деді Данияр Жанәлінов.

Сонымен қатар комитет өкілі – тіркеусіз қызметті жүзеге асыру, кәсіпкерлердің туыстарының жеке карточкалық шоттарына аударымдарды қабылдау мәселесін де көтерді. Осы мақсатта кірістер комитеті осы жылдан бастап банктік деректерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді ала бастаған.

Банктерден ақпарат кезең-кезеңімен алынады. 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша ақпарат алынады. 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларына қатысты ақпарат жиналады. Ал 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларына, 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша ақпарат жиналатын болады.

Осылайша, бүгінгі таңда ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, яғни жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің декларанттары бойынша алынды.

Сондай-ақ оқыңыз