ЕАЭО кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашады?
Еуразиялық экономикалық одақ аясында атқарылып жатқан маңызды істер өңірдегі кәсіпкерлік қызметтің дамуын жандандыруда. Әсіресе, соңғы кездері жастар кәсіпкерлігін қолдау қарқын алды. Бұл туралы ЕАДБ ұйымдастыруымен Сочиде өтіп жатқан «Еуразиялық конгрес 23» барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәлім етті.
«ЕАЭО-да кәсіпкерлер, соның ішінде жас кәсіпкерлер үшін көптеген мүмкіндік бар. Солардың негізгілерін атап өтейін. ЕАЭО жаңа өткізу нарығын ашып отыр. Қатысушы елдер атынан үшінші елдермен сауда келісімдерін жасайды. Сауда келісімдері аясында кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер түріндегі жаңа мүмкіндіктер ашылады: кедендік баж, салықтар, жинақтар мен өзара саудадағы шектеулер жойылады. Сонымен қатар еркін сауда аймағының шарттары қолданылатын өзара мүдделі тауарлардың тізбесі жасалады», деді Тимур Жаркенов.
Оның сөзінше, қазіргі кезде экономикалық одақ Вьетнам, Иран, Қытай, Сербия және Сингапурмен сауда келісімдерін жасаған. Сондай-ақ Израиль, Үндістан, Мысыр, Индонезия және БАӘ-мен сондай келісімдерді жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.
«ЕАЭО-да келісілген қорғау шаралары қолданылады. Отандық кәсіпкерлерді үшінші елдердің демпингтік импортынан қорғау үшін одақта белгілі бір тауарларға антидемпингтік баж бекітіледі. Ондай шараны қабылдау үшін Еуразиялық экономикалық комиссия зерттеу жүргізеді және демпинг фактілерін анықтаған жағдайда аталған мәселені мүше-елдер бірігіп қарастырады. Сонымен бірге, ЕАЭО-да бірыңғай кедендік тарифтік және тарифтік емес шаралар бар. Кәсіпкердің өз өтініші бойынша тауарды бажсыз әкелу түріндегі қолдау шарасы қарастырылуы мүмкін. Тиісінше ішкі қамту үшін тарифтік емес қадағалау шаралары да қолданылады», деп түсіндірді «Атамекен» өкілі.
Атап өтерлік жайт, ЕАЭО аумағында бірыңғай қызмет көрсету нарығы жұмыс істейді. Егер кәсіпкер қызмет көрсету нарығында жұмыс істегісі келсе (бес ел территориясында) онда бірыңғай қызмет көрсету нарығының ережесі бойынша бес ел аумағында өз қызметін ұсына алады. Бұл ретте заңды тұлға формасындағы қосымша мекеме көмегі қажет етілмейді. Қазір 55 секторда бірыңғай қызмет көрсету нарығы бар.
«Аталған құралдар біздің нарықты кеңейте түседі. Адал бәсекелестікке негізделген дұрыс бағытта жұмыс істеу арқылы жас кәсіпкерлер айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алады. Уақыт бір орында тұрмайды, бизнес идеялар күн санап түрленіп жатыр және цифрлы технологиялар қарқынды даму жолына түсті. Мұндай кезде қызметтер мен тауарларды ұсынудың жаңа форматын қалыптастыру қажеттілігі туады», деді Тимур Жаркенов.