Көлік дәліздері Қазақстанның дамуына қалай көмектеседі?

Жарияланды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еуразиялық даму банкінің қолдауымен Сочи қаласында өткен III Еуразиялық конгресстің пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, ЕАЭО елдері «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздерінің әлеуетін бірлесіп ашуы қажет деп мәлімдеді. Жиынға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Куба, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің үкімет басшылары қатысты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, туындап отырған жаһандық сын-қатерлерді белсенді диалог, әріптестік қатынастарды нығайту және бүкіл аймақтың өркендеуі үшін бірлескен күш-жігердің арқасында жеңуге болады. Мұндағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Осылайша, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздерінің әлеуетін ашу бағытында бірлескен күш-жігерді пайдалану маңызды.

«Біздің «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттары, «Қорғас» орталығы, сондай-ақ Сиань құрғақ портындағы жоспарланған логистикалық орталық әлемдік нарықтарға қосымша қақпа бола алады. Бұл екі ел арасында қарқынды дамып келе жатқан тауар айналымына, сондай-ақ өсіп келе жатқан транзитке толық сәйкес келеді. Бұл тұрғыда «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) байланыстырудың айтарлықтай әлеуеті бар, ол арқылы өткен жылы жүк тасымалдау көлемі екі еседен астам өсті. Сонымен қатар біз «тар жерлерді» синхронды жою және көлік бағыттарын одан әрі дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстардың маңызы зор»,- деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір мысалы – Ресей шекарасынан Қазақстан арқылы Қытайға дейінгі «Бақты-Аягөз» теміржолының құрылысы. Бұл жоба Еуразиялық даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жаңа көлік жолы тауарларды жеткізу қашықтығы мен мерзімін айтарлықтай қысқартады деп күтілуде.

«Сонымен қатар Қазақстан еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға: қосылған құны жоғары дайын өнімді қайта өңдеу және өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындарды іске қосуға ерекше мән береді. Кооперацияның сәтті жобалары ретінде «Лукойл» компаниясымен бірлесіп жағармай шығаратын зауытты, «Татнефть» компаниясымен бірлесіп шиналар шығаратын зауытты,«КАМАЗ»-ға арналған бөлшектер өндіретін зауытты айтамыз. Бқдан бөлек, біз құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар мен химиялық өнімдерді, теміржол жылжымалы құрамын, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік құралдарын өндіруде үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Басқа салаларда да бірлескен жобалардың жүзеге асуын құптаймыз»,- деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы саласы. ЕАДБ бағалауы бойынша, Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыру 2035 жылға қарай 600 млн адамның, оның ішінде 240 млн тұрғылықты халықты және 360 млн-ға дейін үшінші елдердегі халықтың азық-түлікке деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

«Келешекте аймақтың азық-түлік өнімдерінің экспорты 2 есе – 74 млрд долларға дейін артуы мүмкін. Әлеуетті іске асыру үшін алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрландыруды енгізуге ерекше назар аудара отырып, бірлескен жобаларға ден қою маңызды»,- деді.

Үкімет басшысының айтуынша, аталған барлық бағыттар бойынша Еуразиялық даму банкінің маңызды рөлі бар. Мәселен, Банк ЕАЭО шеңберіндегі қызметінің 17 жылы ішінде құны 13 млрд доллардан асатын, табысты 257 жобаны қаржыландырды.

Сапар аясында Әлихан Смайылов өзінің ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен де кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық өзара іс-қимыл, өндірістік кооперация, перспективалы көлік дәліздері мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетика, білім беру, мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 6%-ға артқан. Ал биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық тағы 10%-ға өсті.

«Қазақстандық және ресейлік кәсіпорындар жаңа инновациялық өндірістік жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұған былтыр қол қойылған, 12,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы құны 9 млрд доллар болатын 29 жаңа жоба бойынша бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы дәлел. Жалпы, екі ел арасында құны 22 млрд доллардан асатын 100-ден астам өнеркәсіптік кооперациялық жоба бар. Жыл сайын ондаған жаңа жобалар қосылып отырады»,- деді Премьер-министр.

Сондай-ақ оқыңыз