Жаңалықтар

Криптобиржа мен банктердің бірігуі нарыққа қандай жаңалық әкеледі?

«Astana Finance Days» дәстүрлі конференциясында «АХҚО-да тіркелген Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жобаның қорытындылары» сессиясында пилоттық жобаның бір жылдық нәтижелерін талқылады.

Пилоттық жобаның мақсаты – криптобиржалардың Қазақстан нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ету және ҚР резиденттері мен криптомайнерлеріне АХҚО криптобиржа алаңдарында инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте инвестиция Қазақстанның екінші деңгейлі банктері қамтамасыз ететін фиаттық каналдар арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ жоба қорытындысы бойынша ҚР ұлттық заңнамасына және АХҚО актілеріне өзгерістер енгізілуі тиіс.

Жобаға 5 криптобиржа – Binance, Ataix, Intebix, Xignal и Upbit және 8 екінші деңгейлі банк – Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank және CenterCredit қатысты.

Жоба нәтижесінде криптобиржа екінші деңгейлі банктермен интеграцияланып, банктік шоттар аша алады, клиенттерден фиаттық валюта қабылдайды және оларды цифрлы активтерге айырбастай алады. Қазірдің өзінде жоба қатысушыларының бірі Intebix «Еуразиялық банкпен» бірлесіп криптокарта шығаруға келісті.

«40-тан астам елден пайдаланушы бар. Биржа халықаралық болғандықтан клиенттердің 70 пайызы – шетелдіктер, сәйкесінше 30 пайызы – жергілікті клиенттер. Заңды тұлғалардың 35 пайызы – АХҚО қатысушылары, 65 пайызы – шетелдік заңды тұлғалар. Инновация тұрғысынан бізде криптобиржаны мобилді әмиян арқылы толтыруға мүмкіндік беретін GSM-операторымен интеграция бар. Интеграция жасалды, бірақ біз мақұлдауды күтіп отырмыз. Әрі біз кастодиалды қызметті де дамытқымыз келеді. Бұл да біздің тарапымыздан жасалатын инновация», дейді ATAIX Eurasia бас директоры Арутюн Погасян.

Binance Kazakhstan бас менеджері Жаслан Мадиевтің айтуынша, криптобиржаның банк секторымен интеграциясы экономикалық-әлеуметтік дамуға да әсерін тигізеді.

«Қазақстан – заңнамалық базаны реттеу бойынша да, нарықты дамыту бойынша да алға озған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Осы факторлардың (заңнамалық, қадағалау және институционалдық) барлығын ескере отырып Қазақстанның ойыншыларды және цифрлы индустрияны дамыту бойынша әлдеқайда дайын болғанын аңғару қиын емес», дейді ол.

Biteeu Eurasia Ltd. бас директоры Талғат Досанов та жобаның үлкен артықшылыққа ие екенін атап өтті.

«Бұл нағыз клиентке бағдарланған қадағалаушы деп айтар едім. Осыған дейін бізде қадағалаушымен күн сайын телефонмен немесе почтамен байланысып отырған жағдай болған емес. Бұл үлкен артықшылық. Жобаның дамуы үшін қадағалаушы барлығын істеп жатыр. Мемлекетіміздің бұл индустрияны қолдап отырғаны да көп көмегін тигізуде», дейді.

Қазір криптонарықтың капиталдануы 1,17 трлн долларды құрайды. Кей елдер криптовалютаны төлем құралы ретінде мойындап жатыр, ал кей елдер криптобизнесті қадағалауға қатысты заңнамалық база қалыптастырып жатыр. Оның үстіне криптобиржаның құлдырап кетуіне байланысты цифрлық активтерді қадағалауды жақсартуға қойылатын талаптар да жоғарылап кетті.

«Біз криптоактивтер үшін жан-жақты нормативтік-құқықтық базаның қабылдануын байқап отырмыз. Ол Азияда, Африкада және Таяу Шығыста, Уолл-стрит пен инвесторлардан шалғайда болып жатыр. Дубай мен Гонконгте екі фантастикалық крипто-режим бар. Олар әлемдегі криптовалюталық активтердің жетекші орталықтары саналады. Біз дамушы елдердің көшбасшы бола бастағанын көріп отырмыз және олар әділ, пропорционалды, инновациялардың өркендеуіне және тәуекелдердің төмендеуіне мүмкіндік беретін реттеу режимін әзірлейді деп үміттенеміз», дейді Кембридж баламалы қаржы орталығының цифрлық активтерді реттеу жөніндегі басшысы Заин Умер.

Лондон королева Мария университетінің банк және қаржы құқығы профессоры Роза Мария Ластра ЕО қабылдаған «крипто-активтер нарығын» қадағалау» криптоиндустрияға деген сенімді арттырды дейді. Оның пайымынша, криптоиндустрия 2022 жылғы жанжалдар мен соңғы уақыттағы кейбір нарықтық қозғалыстардан кейін сенімділікті қажет етеді.

«Клиент бірінші орында. Әрбір криптофирма осыны мұқият ойлауы тиіс. Олардың клиенті кімдер? Оларда қандай дағдылар бар? Криптокомпанияға қатысушы адамдар, олардың негізін салушылар және иелері нарықта жақсы тәртібімен көзге түскені жөн. Әрбір криптовалюталық компания өздері осы жоғарытехнологиялық нормативтік стандартты сақтап жүр ме, жоқ па, соны түсінуі керек. Егер сақтамаса онда бұл кеңістікте әрекет етудің қажеті шамалы. Өйткені, бұл – жауапты іс. Бұл тұтынушылардың ақшасына қатысты шаруа. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды», дейді Сингапур қаржылық қадағалаушысы қаржылық технологиялар бойынша директоры Сопненду Моханти.

Ақжігіт Әділбеков