Маңғыстауда мұнай-газ кен орнында өрт шықты
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасына «Бозашы Мұнай» ЖШС «Қаратұрын Южный» мұнай-газ кен орнындағы өрт оқиғасы туралы ақпарат келіп түскен. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өрт 1088 метр тереңдіктен бұрғылау құралының көтерілуі нәтижесінде пайда болған. № 303 ұңғымадағы ашық газ субұрқағында газ-су қоспасының шығарылуы өрттің пайда болуына тікелей әсер еткен», – деді Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрттен зардап шеккендер жоқ.
Дабыл келіп түскен кезде өртті сөндіру үшін жоғары дәрежелі техника мен құралдар тарту туралы шешім қабылданған. Ұңғымадағы өртті сөндіру үшін жеке құрамнан 56 өрт сөндіруші, 12 өрт сөндіру техникасы және апаттар медицинасы орталығының бір көлігі жұмылдырылған.