Президент Ақордада шетел делегаттарын қабылдады
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БҰҰ делегациясы мен Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвияновичті және басқа да шетелдік қонақтарды қабылдады.
Алдымен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ұйымның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы Армида Алисджабанмен, Бас хатшының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчимен және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – ұйымның Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі Ивана Живковичпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ институттары арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
«Астана халықаралық форумында белсенділік танытқаны үшін ризашылығымды білдіремін. БҰҰ аясындағы ұсыныстары форум жұмысының мазмұнын байытуға үлкен үлес қосты. Біз практикалық дипломатияда БҰҰ-ның жарғысын берік сақтайтынымызды растаймыз. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы қағидаты негізінде арнайы мәлімдеме жасады. Біздің БҰҰ-ға қатысты міндеттемелеріміз берік әрі мызғымас», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент БҰҰ-ның бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздік пен жаһандық дамуды қамтамасыз ету ісіндегі айрықша рөліне тоқталды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізу қажет екенін және осы органның өкілдігін кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Бұл орайда әмбебап ұйымның рөлін нығайту мақсатында Қазақстан БҰҰ-мен күш біріктіруге дайын екенін жеткізді.
Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі табысты жұмыс істейді. Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру да бұл саладағы біраз мәселенің шешілуіне ықпал етпек.
БҰҰ қонақтарын шығарып салған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвияновичпен кездесті.
Президент Босния және Герцеговинадан арнайы Астана халықаралық форумын келген қонаққа алғысын білдірді. Мемлекет басшысы бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстанның Босния және Герцеговинаны Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан аймағындағы перспективті сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
Өз кезегінде Желька Цвиянович қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны үшін және Астана халықаралық форумына арнайы шақырғаны үшін алғысын білдірді. Тараптар кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.Келіссөз нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл кездесуден кейін мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еурокомиссар Януш Войчеховскийді қабылдады. Президен құрметті қонақтың Қазақстанмен тарихи байлынысына ерешке назар аударды.
– Біздің елімізбен айрықша байланысыңыз бар екенін біліп, таңғалдым. Қадірлі анаңыз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанда өмір сүріпті. Сондықтан сіздің сапарыңызға өте қуаныштымыз. Елімізде поляк диаспорасы тұрады. Әрі біздің ортақ мәдени мұрамыз бар. Бенедикт Поляк, Адольф Янушкевич, Густав Зелинский, Александр Затаевич секілді тұлғалар Қазақстанның мәдени дамуына елеулі үлес қосты, деді Мемлекет басшысы.
Януш Войчеховский Қазақстан тарапына құрмет көрсеткені үшін алғысыз білдіріп:
– Менің Қазақстанмен ерекше байланысым туралы айттыңыз. Иә, анам Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда алты жыл өмір сүрді. Анам сол қиын-қыстау шақта қазақ халқы оларға мейірімділік танытқанын үнемі айтып отыратын. Сондықтан менің Қазақстанға деген көңілім ерекше. Сізді Астана халықаралық форумын табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Сіздің сөйлеген сөзіңізді айрықша ықыласпен тыңдадым. Дұрыс айтасыз, бізге сын-қатерлерді анықтап, түйткілдерді шешу үшін ортақ диалог қажет. Жаһандық деңгейдегі қазіргі күрделі мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі, – деді Еурокомиссар.
Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты Қазақстанның ірі сауда серіктесі саналатын Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуеті бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, еліміз дәнді және майлы дақылдарды, сондай-ақ жоғары сапалы органикалық өнімдердің экспортын арттыруға дайын екені айта келе:
– Жақында Қырғызстанда «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» жаңа форматында кездесу өткіздік. Бұған дейін Астанада бірінші кездесу болған. Сондықтан тығыз қарым-қатынас жасау жөніндегі ниетіміз бен ұмтылысымызды көрсету үшін жоғары деңгейдегі осындай кездесулерді өткізіп тұру керек. Биыл жыл басында Еуропалық Одақпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 30 жыл толды. Еуропалық Одақпен өзара байланысымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар, деді.
Бұдан бөдлек Қасым-Жомарт Тоқаев Еурокомиссарға Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ демократияны дамытуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамда заң үстемдігін орнатуға септігін тигізетін өзерістер туралы да сөз қозғады.
Бейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қытысып, онда Қазақстанның Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздейтінін айтты.
Сонымен бірге «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырды. 2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түсетінін айтты.