Жаңалықтар

Қазақстан Үкіметі Арал теңізін құтқаруға қаражат бөле ме?

Орта Азиядағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлу мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық форумында көтерген болатын.

«Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ», – деді Тоқаев.

Дегенмен, Арал теңізінің проблемасы аталған екі өзен суының тартылуында ғана емес. Арал поблемасы аймақ, қала берді бүкіл адамзат проблемасына айналғалы қашан.

Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал, Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.

Атап айтқанда,  қазіргі таңда Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі экология саласындағы қолға алынуы мүмкін болашақ жобаларға қатысты консультациялар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Душанбеде өткен «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кезінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер мәлімдеді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Арал теңізінің солтүстігіне қатысты жоба әзірлеп жатыр.

«Бұл жобада жалпы су ресурстарын басқарудың ұзақ мерзімді мәселелері және осы аймақта тұратын қызылорда халқының тұрмысына жағымды ықпалы қарастырылуда. Ссонымен қатар, Қазақстанмен гранттық бағдарламалар бойынша, яғни табиғи ресурстарды қалпына келтіру бағытында Ғаламдық экологиялық қорымен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз», деді Джейн Эбингер.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер

Оның сөзінше, Дүниежүізілік банк тарапынан Солтүстік Аралды құтқаруға қатысты техника-экономикалық негіздеме жасалып жатыр.

«Әзірге ол жобаның құнына, қаржылық  мәселелеріне қатысты сұрақ талқыланып жатқан жоқ. Дүниежүзілік банкте шілде айынан басталатын алдағы қаржы жылында Солтүстік Аралды құтқару бойынша жоба банк директорлар кеңесінің талқысына ұсынылатын болады. Жоба алдағы 12 айда талқыланады деген сөз», деді Джэйн Эбингер.

Дегенмен, банк өкілінің сөзінше, жобаның болашағы негізінен Қазақстан үкіметімен жүргізілетін консультацияларға, банктің өз ішінде жүргізілетін талқылауларға және техника-экономикалық негіздемеге тәуелді болмақ.

Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен ұстап тұруға қатысты жобаның техника-экономикалық негіздемесі 2021 жылдан бері әзірленуде, қазір аяқталу сатысында тұр.

 Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен дамыту бойынша жобаның техинкалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатқанын осы конференция кулуарында, Халықаралық Аралды құтқару қоры, экология департаментінің жетекшісі Мария Заднепровская да растады. Оның айтуынша, бұл негіздеме қазір сараптамалардан өту сатысында тұр. Мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өтті. Енді мемлекеттік-құрылыс сараптамасынан өтіп жатыр.

«Жоба бойынша Солтүстік Арал теңізінің су деңгейін көтеру, сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, үшіншіден су ресурстарын ықпалдастықта басқару, бассейн инспекциясының деңгейін көтеру бағыттарында шараларды қолға алу көзделген», деді Мария Заднепровская.

Халықаралық Аралды құтқару қоры, экология департаментінің жетекшісі Мария Заднепровская

Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілі де бұл жобаның жалғасуы Қазақстан үкіметінің шешіміне байланысты екенін айтты. Сонымен қатар, өкімет бұл жобаны қолдайтынына сенім білдірді.

«Жоба аса маңызды. Жоба тек экологиялық бағытта ғана емес, әлеуметтік бағытты да қамтиды. Арал өңірінің халқы да осы жобаның жүзеге асырылуын ерекше күтіп отыр. Сондықтан, Қазақстан өкіметі қолдайды деп ойлаймын», деді Мария Заднепровская.

Солтүстік Аралды құтқару жөніндегі техника-экономикалық негіздемені дайындауға Дүниежүзілік банк Экология министрлігіне грант бөлген. Негіздеменің дайындалуына жауапты осы министрлікке қарайтын Су ресурстары жөніндегі комитет. Ал грант қаражаты бойынша негіздемені  «Икон консалтинг инженеринг» аталатын Иран компаниясы әзірлеп жатыр.

Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілі келтірген дерек бойынша Қазақстандағы Арал теңізінің құрғап қалған аумағының жалпы көлемі 2 млн гектарды құрайды. Қазіргі кезде осы аумақтың 600 гектарына сексеуіл егілген. Қазір мемлекеттік орман қорының қарамағына тағы 500 гектар жері қосылған. Осылайша, 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу жоспарланып отыр.

Мария Заднепровскаяның айтуынша, құрғаған теңіз түбіндегі тұздың ауаға тарауына қарсы тұрудың жалғыз жол – сексеуіл отырғызу. Өйткені өңірде жылына 30 күн бойы шаңды дауыл тұрып, тұз көтеріледі. Ал, сексеуіл көбейген сайын желдің жылдамдығы да төмендеп, жалпы аумақтың экожүйесі қалпына келе бастайды.

«Сексеуіл отырғызу бойынша алғашқы жоба «НЕКСУС диалогы» аясында қолға алынды. Кейін USAID қолдады. Алайда, сексеуіл отырғызу өте қажырлы еңбекті қажет етеді», дейді Мария Заднепровская.

Аралдың құрғаған түбіне сексеуіл егу бойынша жобаны жүзеге асыруға түрлі донорлардан 200 мың долларға жуық қаражат бөлінген. Бірақ, бұл қаржыдан бөлек дала лагерін құруға, алқапқа қоршаулар орнатуға және 500 метр тереңдіктен су шығару үшін құдықтар қазуға жекелеген қорлардан да гранттар алынған.

Мария Заднепровская жекелеген бизнес субъектілердің арасында да құрғаған Арал проблемасына бей-жай қарамайтындар бар екенін айтты.

«Freedom finance банкімен «Aral sea» көміртегі сертификатын әзірлеуге қатысты келісім-шартқа қол қойдық. Қаржы ұйымы құрғаған Арал теңізінің түбінде экологиялық жоба жасауға қызығушылық танытып отыр», деді Мария Заднепровская.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Арал теңізінің тартылуы өңір тұрғындарының денсаулығына қаншалықты әсер еткенін зерделеу үшін зерттеу жүргізіп жатыр.