Жаңалықтар

Семей орманындағы өрт: үш адам опат болды, Тоқаев Вьетнамға сапарын кейінге қалдырды

«Семей орманы» табиғи резерватында өрт / Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді . Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баруды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.

9 маусым күні «Семей орманы» табиғи резерватында шыққан өртті сөндіру барысында 14 орманшымен байланыс үзілгені хабарланған еді. Кейіннен үш адамның опат болғаны мәлім болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абай облысындағы өртті сөндіру, сондай-ақ апат ауқымының кеңеюіне жол бермеу және азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық техникалық және адами ресурстарды жұмылдыруды тапсырды. Ақорданың баспасөз қызметі өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері тартылғанын хабарлады.

8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында тағы да өрт шыққан болатын. 9-маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылды. Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланғаны хабарланған болатын.

9 маусым күні Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 8 маусым күнгі сағат он екілер шамасында алғашқы тұтанған аймақ 3 гектар болғанын, кейін, 100 гектарға дейін күрт өскенін, жағдай дер кезінде дұрыс бағаланбағанын мәлім етті. Соның салдарынан жұмылдырылған техника саны тым аз болған, сондықтан, республиканың көптеген аймақтарынан техника жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Ал, 9 маусым күндіз Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жер бетіндегі ауыр техника құм төбелерінен әрең өткенін, алғашқы өртті сөндіруге техника жеткенше өрт аумағы шамамен 20 гектарды құрағанын мәлім етті.

8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады , оған себеп «Семей Орманы» мемелекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт 2 сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды, – деді Димитрий Гариков.

«Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы өрт 3 бағытта өршіген: батыс бөлігінде (Камышен орман шаруашылығы Камышенка ауылы маңында), сондай-ақ Каштак бағытында және жедел штаб орналасқан Успен ауылында. Ауа температурасы шамамен 30 градусқа дейін жетуі және жел бағытының өзгеруі және өрттің жайылып, таралуы барлық бағытта жұмысты қиындатқан.

9 маусым түстен кейін, орман өртіне байланысты Семей қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Жұма күнгі сағат 16.00 дегі жағдай бойынша орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені, оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатқаны хабарланды

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапқаны, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатқанын мәлім болды.

«Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды», делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Абай облысының әкімдігі сондай-ақ, Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған өрт кезінде жоғалып кеткен орманшылықтың барлық 14 қызметкері өлі табылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, жұма күні кешке әлеуметтік желілерде Орман өрті салдарынан Шүлбі ГЭС-ке қауіп төніп тұрғаны туралы да ақпарат таратаған болатын. Абай облысының ТЖД бастығының орынбасары Алексей Штыкел бұл қауесетті жоққа шығарып, ГЭС-ке нақты қауіп жоқ екенін атап өтті.

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, күштер мен құралдар өрттің таралуын бақылайды», – деп атап өтті Штыкел. БАҚ пен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Азаматтарды дүрбелеңге түспеуге және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз, деді Алексей Штыкел.

Семей қаласының әкімдігі 800 адамға дейін орналаса алатын 9 эвакуациялық пункт дайындалғанын хабарлады. Олардың Озерки ауылдық округінің Каштак, Полинки, Тепкаши және Талица ауылдарының тұрғындарын қабылдауға және қамтамасыз ету үшін әзірленді.

Эвакопункттер келушілердің уақытша тұруы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ете отырып, колледждер, ЖОО және қалалық қонақүй ғимараттарында ұйымдастырылды. Халықты жедел эвакуациялау үшін 10 автобус жіберілді. Қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж барлық адамдарды қабылдау үшін қосымша эвакуациялық пункттер ұйымдастырылады. Семей билігі барлық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басымдық болып қала беретінін хабарлады.

23 мамыр күні «Семей орманы» табиғи резерватында өрт шығып, аймақта төтенше жағдай жарияланып, үш күнннен кейін өрт сөндірілген болатын.