Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, облыс әкіміне сөгіс жариялады. Жиын орман өртін сөндіру барысында қайтыс болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
«Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туысқандарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Қайтыс болған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алайық», деді Президент.
Отырыс барысында Президент өртті сөндіру барысында кәсіби салғырттық болғанын баса айтты.
«Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», деді Тоқаев.
Президент жедел штаб отырысында Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, Төтенше жағдай министрі дер кезінде келмегенін, облыс әкімі орынбасарларын жіберіп, жұмысқа деген немқұрайлы қарым-қатынас жасалғанын баса айтты.
Ал, өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
«Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар, өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұыну қажет екенін айтты. Сондай-ақ, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастауды міндеттеді.
Қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек екенін еске салған Президент техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайтынын баса айтты. Ал, Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырды.
«Жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс. Үкімет осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауы керек. Орман алқаптарына келіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олар от жағып, оны өшірмей кетеді, бұл қайғылы жағдайға алып келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.