«Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетем»: Президент жанынан арнайы қор құрылады
«Зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалады». Қасым-Жомарт Тоқаев алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтып, отбасыларға жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, болған жағдай үшін қаралы отбасылардың алдында кешірім сұрады.
«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», деді Президент.
«Зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын» айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, – «Мен сіздерге уәде беремін. Президент жанынан арнайы қор құрылады. Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетемін», деді.
«Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған. Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады»
Сонымен қатар, Президенттің Абай облысына келуіне орай жолдардың жедел жөнделгеніне қатысты пікір білдірді:
«Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – мүлдем масқара жағдай. Мен бұл туралы оқыдым, білемін. Кінәлілер жазаланады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.