Жаңалықтар

Семей орманындағы алапат өрттің түтіні Жетісу облысының аудандарын басты

Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше ауданын қалың түтін басты. Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады.

«Осыған байланысты сабырлы болуларыңызды және маска киюді сұраймыз. Тыныс алу органдарының аурулары бар адамдарға және қарт адамдарға үйден шықпауға кеңес беріледі», деліген хабарламада.

8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында тағы да өрт шыққан болатын. 9-маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылды. Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланғаны хабарланған

9 маусым күні Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин 8 маусым күнгі сағат он екілер шамасында алғашқы тұтанған аймақ 3 гектар болғанын, кейін, 100 гектарға дейін күрт өскенін, жағдай дер кезінде дұрыс бағаланбағанын мәлім етті. Соның салдарынан жұмылдырылған техника саны тым аз болған, сондықтан, республиканың көптеген аймақтарынан техника жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегеріліп, Президент Абай облысына барды. Тоқаев ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.

Өрт салдарынан 14 адам қаза тапты. Қазіргі уақытта өрт сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1500 жуық адам, 290 астам техника жұмылдырылған.

Президент 12 маусым – Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.