Алаяқтар үй телефонына хабарласып ақша сұрайтын «ескі» тәсіліне көшкен

Жарияланды

Кейінгі кезде алаяқтар қарт кісілерді алдаудың «ескі» тәсіліне қайта көшкен. Олар үй телефонына хабарласып, жақыны жол апатына түсіп, авария жасады деп ақша талап ететін болған.

Polisia.kz хабарлауынша, киберқылмыскерлер ауыспалы абоненттік нөмірлерден жасалатын алаяқтық қоңыраулардың бұғатталуына байланысты, бұрынғы айла-амалдарына көшкен.

«Алаяқтар үй телефондарына хабарласып, өздерін сол кісілердің жақын туыстары ретінде таныстырып, жол апатына түскендерін айтып, мәселені шешу үшін ақша сұрайды. Одан кейін телефонды полиция қызметкеріне бергендей болады. Ал олар өз кезегінде қарт адамдардың сенгіштігін пайдаланып, жинаған қаражатын жол-көлік оқиғасында зардап шеккен адамға беруге немесе жақынын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін жұмсауға көндіреді. Жәбірленушілер ақшаны беруге келіскеннен кейін оларға қарай курьерді жібереді», – делінген хабарламада.

Осыған орай полиция азаматтарды, әсіресе қарт адамдарды мұқият болып, бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.

«Мұндай қоңырау түскен кезде, бірден телефон тұтқасын қойып, келіп түскен ақпаратты тексеру үшін туыстармен байланысу қажет. Ақпарат расталмаған жағдайда «102» нөмірі арқылы полицияға дереу хабарласыңыздар», – дейді ІІМ криминалдық полиция департаментінің басқарма бастығы Марат Төлеуханов.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз