Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл апат аймағына барады

Жарияланды
Фото instagram: zakiyevadinara

Фото: kursiv.media

Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл Абай облысына барады. Бұл жайлы Динара Зәкиева өзінің фейсбук парақшасында жазды.

Апат аймағына барып, балалардың жай-күйімен арнайы танысатынын айтқан ол:

«Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл – балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын», деді.

Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкіл өзіне көп сұрақтар қойлып жатқанын, барлығына міндетті түрде жауап беретінін мәлімдеді. Тіпті сол үшін өзінің жеке нөмірін де қалдырды.

«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Бүгін өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен және эвакуациялық пункттердегі балалармен кездесу үшін Абай облысына барамын. Бала баршамызға ортақ. Бала-бақытымыз. Баланың құқығын қорғау әрқайсымыздың міндетіміз. Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым осы», деді Динара Зәкиева.

Ал оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің әлеуметтік парақшасында Абай облысында болған алапат өрт салдарынан қаза болған орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына, жақын туыстарына көңіл айтып, апат аймағындағы балаларыдың құқын қорғау үшін тиісті шаралар атқарылып жатқанын айтты.

«Бұл барша қазақстандықтар үшін аса ауыр қайғы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бірқатар шаралар қабылдауда. Оқиға орын алған аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күш жұмылдырылуда. Осы күндері министрліктің аумақтық департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыстық білім басқармасының өкілдері балалармен жұмыстар жүргізуде», деді министр.

Сонымен қатар, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасына асыраушысынан айырылған отбасылармен жеке кездесіп, балалардың психологиялық кеңес алуына, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуына барлық жағдайларды ұйымдастыру тапсырылғанын айтты.

«Қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Бүгінде олар отбасыларымен бірге Семей қаласындағы екі колледж ғимаратына орналастырылған.
Сондай-ақ эвакуацияланған 9,11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалуда — мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады»,
деді Ғани Бейсембаев.

Апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасы балалары жаңа оқу жылында білім алуын еш кедергісіз жалғастыруы үшін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылады. Оқу-ағарту министрі балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үнемі Министрліктің бақылауында болатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз