Жаңалықтар

KASE-дегі сауда-саттық бір айда 1,2 пайыз өсті

Фото: kursiv.media

Мамыр айында KASE-дегі жиынтық сауда-саттық көлемі 28,3 трлн теңгені құрап, сәуірге қатысты 1,2%-ға немесе 336,3 млрд теңгеге өсті. Қазақстан қор биржасы 2023 жылдың мамыр айындағы биржа жұмысының қорытындысын ұсынды.

Мамыр айында акциялармен сауда-саттық көлемі 32,7 млрд теңгені құрады, бұл сәуірге қарағанда 22,3%-ға немесе 9,4 млрд теңгеге төмен. Мәмілелер саны 7,1%-ға 57 804-ке дейін төмендеді. Тәуліктегі орташа сауда-саттық көлемі 1 633,7 млн теңгені, мәмілелер саны – 2, 890 мың , бір мәміленің орташа көлемі – 565,3 мың теңгені құрады. Мамыр айында биржалық сауда-саттық тек қайталама нарықта өтті.

Инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде жеке тұлғалардың сауда-саттықтағы үлесі 45,7%. Банктердің үлесіне – 0,2 %, брокер-дилерлер – 10,4 %, басқа институционалдық инвесторлар – 11,5 %, басқа заңды тұлғалар – 32,2% тиесілі болды. Бейрезиденттердің қатысуы 22,0 %-ға бағаланады.

Мамыр айының қорытындысы бойынша KASE Индексінің мәні 1,9%-ға төмендеп, 3 492,44 тармақты құрады. Мамыр айында индекстегі акциялармен жасалған мәмілелер көлемі 18,0 млрд теңге болған. Сәуір айындағы көрсеткіштен 55,5 пайызға төмен.

Өткен айда ең көп сатылған бағалы қағаздар – «ҚазМұнайГаз» жай акциялары. 11,3 млрд теңгеге сауда-саттық жасалған. Оған жалпы сауда-саттық көлемінің 62,8 пайызы тиесілі.

«Мамыр айының соңында KASE сауда тізімінде 87 эмитенттің 101 акциялар болды, оның ішінде үш эмитенттің үш атаудағы акциялар «Листингілік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді. Есепті айда эмитенттің бастамасы бойынша KASE ресми тізімінен «Өскемен құс фабрикасы» АҚ жай акциялары алып тасталды», делінген хабарламада.

Өткен айда акциялар нарығын капиталдандыру 1,9% – 436,8 млрд теңгеге азайып, 22,4 трлн теңгені құрады. Капиталдың төмендеуіне индекске енген компаниялар акцияларының бағасы өзгеруі себеп болған. Саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2,3%-ға 13,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы мамыр айында 1,1%-ға немесе 250,4 млрд теңгеге ұлғайып, 23,5 трлн теңгені (52,5 млрд USD) құрады.

KASE-дегі МБҚ сауда-саттығының жиынтық көлемі 1,1 трлн теңгені құрады және сәуір айына қатысты 29,9%-ға немесе 257,2 млрд теңгеге өсті. 2023 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 55,9 млрд теңгені (қайталама нарықта – 19,6 млрд теңге), мәмілелердің орташа тәуліктік саны – 24 млрд теңгені құрады (қайталама нарықта – 17), бір мәміленің орташа көлемі – 2,4 млрд теңге (қайталама нарықта – 1,2 млрд теңге).

Қазіргі кезде KASE сауда тізімдерінде 223 эмитенттің 600 атауындағы мемлекеттік емес бағалы қағаздары бар.

Орталық депозитарийде жеке тұлғалардың 680,9 мың дербес қосалқы шоты ашылған. Сәуір айының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар 1,7 мыңнан астам жаңа дербес қосалқы шоттарын тіркеді.

Сәуір айында KASE-дегі сауда-саттық көлемі 28,0 трлн теңгені құрап, наурыз айымен салыстырғанда 15,9 %-ға немесе 3,8 трлн теңгеге өскен.