Абай облысындағы өрт: елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Фото: ТЖМ
Кеше Абай облысындағы Талица ауылына қарай бет алған өрт сөндіріліп, елдімекендерге төнген қауіп сейілді. Ауыл халқы алдын ала қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше метеожағдайдың өзгеруіне байланысты өрт төменгі бөлікте өрбіп, Талица ауылына қарай бағыт алып, ауылды қорғауға өрт техникасы жұмылдырылған болатын. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіп, сөндірілді», – делінген хабарламада.
Ресми мәлімет бойынша, Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмысын үйлестіріп жүр.
Өрт сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін 14 тікұшақ тартылған. Өрт сөндіру жұмыстары басталғалы бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су төгілген.
«Қазгидромет» АҚ дерегі бойынша, 13 маусымда ауа райы күндіз 27-32 0С, жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстік жел екпіні 15-20 м/с деген болжам жасалған.
Абай облысындағы қою түтін салдарынан Бұлақ ауылынан 80-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Өрт кезінде 14 адам қаза тапты. Сонымен қатар тағы бір адамның хабарсыз кеткені хабарланды.
Бүгін таңертең Семей орманындағы алапат өрттің түтіні Жетісу облысының аудандарына жеткен.
Айта кету керек, ғарыш мониторингі Семей орманындағы өртті 8 маусым күні тіркеген.
Ғарыштық түсірілімде өрттің Абай облысы Бородулиха ауданы Барышевка, Успенка және Поднебесное ауылдарына тарлғаны байқалған. Ал 09 маусым күні сағат 12.00-де жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша өрттің ауданы 30 мың гектардан асқан.