Құзырлы орындар Абай облысындағы орманға қасақана от қою дерегін тексеріп жатыр
Әлеуметтік желілерде Абай облысындағы орман өртіне – найзағай емес, қасақана от қою себеп болды деген бейнематериалдар таралып жатыр. Осы орайда Абай облысының әкімдігі құзырлы орындардың орманға от қою дерегін тексеріп жатқанын мәлімдеді.
«Бейне авторы от найзағай түскеннен тұтанған жоқ, қасақана өрт қойылған деп болжайды. Алайда бейнежазбаға түсірілген аумақтарда шыққан өрт көршілес орманға таралмағанын ескерген жөн», – делінген хабарламада.
Қазір бұл мәселе бойынша құзырлы органдар жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.
Бас прокуратура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғаған. ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Семей орманы» табиғи резерватында 8 маусым күні тұтанған өрт салдарынан 14 адам опат болды. Сонымен қатар тағы бір адамның хабарсыз кеткені хабарланды.
Экс-министр Юрий Ильин өрт ауқымының күрт ұлғаюына жағдайдың дұрыс болжанбауы ықпал еткенін мәлімдеген болатын.
Тоқаев Абай облысына барып, қайтыс болған жандардың жақындарына көңіл айтып, кешірім сұрады. Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төлененетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді лауазымынан босатып, орнына ТЖМ қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы қызметін атқарған Сырым Шәріпханов тағайындалды.
Кеше Абай облысындағы Талица ауылына қарай бет алған өрт сөндіріліп, елдімекендерге төнген қауіп сейілді. Ауыл халқы алдын ала қауіпсіз жерге көшірілген.
Өрт сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.