Өрттен келген залал мен әлеуметтік көмек көлемін арнайы комиссия анықтайды

Жарияланды
Фото: freepik

Абай облысында алапат өртткен келген залалдың, сонымен қатар, зардап шеккен, қара жамылған отбасыларына көрсетілетін көмектің көлемін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайтын болады.

Үкіметтік комиссия құрамында премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, басқа да орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер кәсіподағының өкілдері бар.

Үкіметтік комиссия құрамындағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізеді. Сондай-ақ, осы комиссия құрамындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін анықтайды.

Сонымен қатар, комиссия өкілдері топтық жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларына тергеу жүргізеді.

Арнайы Үкіметтік комиссия жұмысты 10 жұмыс күні ішінде аяқтайды. Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Бұған дейін, Бас прокуратура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Жалпы еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері 46 адам өрт сөндіру кезінде қаза тапты. Мұндай деректі Төтенше жағдайлар министрлігі «Курсив» тілшісі жолдаған ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз