Жаңалықтар

Түтін басқа өңір тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берілді

дым
Фото: freepik

Денсаулық сақтау министрлігі ауаға орман өртінен қою түтін таралған кезде тұрғындар ұстануы керек негізгі қағидаттарды жариялады.

«Жанғыш өнімдерден улану – жүрек-қан тамырлары, өкпе және басқа да созылмалы аурулардың өршуіне, ұстамаға әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін әр адам зиянды химиялық заттардың ағзаға түсуін шектейтін профилактикалық іс- шараларға ерекше назар аудару керек», делінген министрліктің баспасөз орталығы таратқан хабарламада.

Өкпенің обструктивті созылмалы ауруы, демікпе немесе жүрек арулары бар адамдарға орман өртінің түтіні зиян тигізуі мүмкін. Сонымен қатар егде жастағы адамдар түтіннің әсеріне көбірек ұшырайды. Бұл олардың жүрек және өкпе ауруларының жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін.

Улы түтін алдында балалар да әлсіз. Оның балалар денсаулығына қаупі жоғары. Балалардың тыныс алу жолдары әлі қалыптасып үлгермеген және балалар ересектерге қарағанда дене салмағына қарай көбірек ауа жұтады. Сонымен қатар, балалар ашық ауада көбірек уақыт өткізетіндіктен, сақтанған жөн.

Түтін сыртта жұмыс істейтін немесе спортпен белсенді шұғылданатын адамдардың да денсаулығына жағымсыз әсер етеді. Министрлік сол үшін орман өртінен туындаған түтіннен зардап шегетін өңірлердің тұрғындарына барынша сақтануға кеңес береді. Ол үшін түтінді далада серуендеуден аулақ болуды ұсынады. Өйткені бұл жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің жедел және созылмалы ауруларының дамуына түрткі болады. Жүкті әйелдер мен балаларға көшеге мүлде шықпау ұсынылады.

Ал денсаулығына байланысты проблемалары бар адамдар дәрі-дәрмектерді өзімен алып жүруі тиіс. Үй-жайларда ауаны мүмкіндегенше таза ұстап, терезені жауып қойған жөн. Сол мақсатта кондиционерді пайдаланған дұрыс.

Терезелерге, желдеткіштерге ылғалданған шүберек іліп қойған жөн және оны мезгіл-мезгіл ауыстырып отыру қажет. Ауаны ылғалдандыру үшін бөлмелерге ыдыспен су қою ұсынылады.

Ал автокөлікпен жүргенде терезелерді жабық ұстап, кондиционер қолданған абзал. Көлік құралдары ешқашан гараж сияқты жабық кеңістікте жұмыс істемеуі керек. Бұл үй-жайдағы ауаның ластануына әкеп соқтыруы мүмкін. Үй-жайларда артық шам жағу, каминдер және газ плиталарын қосу ауаның тез ластануына әкеледі.

«Қажетті мөлшерде су ішуді де ұмытпаймыз. Ересектер үшін сұйықтық тұтыну мөлшері тәулігіне 2-3 литр болуы тиіс. Бұл орайда сілтілі минералды су, итмұрынның, көкжидектің қантсыз қайнатпалары, көк шай, жас балаларға кәдімгі қайнаған су беру керек, ал сәбилерге – жиі емізуді көбейтіп, қосымша тамақтану режимін орнату керек», делінген министрлік хабарламасында.

Жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, созылмалы өкпе аурулары және аллергиялық патологиялармен ауыратын адамдарға  мыналар ұсынылады:

– қан қысымын күніне кемінде 2 рет өлшеңіз;

– тұрақты артериялық гипертензиямен – дәрігерге қаралыңыз;

– емдеуші дәрігер ұсынған дәрі-дәрмектерді өзіңізбен бірге алып жүріңіз.

Егер созылмалы ауру болса, дәрігер ұсынған тағайындауларды қатаң түрде орындаған абзал. Есіңізде болсын, темекі шегу ауаны одан әрі ластайды. Егер, бастың ауруы, көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгілері пайда болса дереу медициналық көмекке жүгінген жөн.