Жаңалықтар

ТЖМ басшысы: өрттің таралуы қаупі бар, алайда оқшаулауға күш пен құрал жетеді

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов / ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, қазіргі Абай облысындағы өртке қатысты жағдай тұрақты және бақылауда.

«Температураның жоғарылауына және екпінді желге байланысты өрттің таралуының қаупі бар, алайда бізде өртті оқшаулау үшін күштер мен құралдардың тобы жеткілікті», – деді министр.

Орман өртін әуеден тікұшақпен бақылау кезінде шығыс бағытта өрттің белсенділігі байқалған. Дегенмен, министр авиациялық техникамен және жерүсті топтармен жану ошақтарын жойып, өртті сөндіру үшін күштер мен құралдарды жұмылдыруда нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.

Өрттің таралуын тоқтатуға қол жеткізілген. Жедел штабтың дерегі бойынша өрттің жалпы көлемі 60 000 га құрайды, оның 43 000 гектарында жану ошақтары байқалады.

Естеріңізге сала кетсек, орман өртін сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен ІІМ-нен 1500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылды. Сондай-ақ өрт ошақтарына су төгу үшін су ағызу құрылғылары бар 12 тікұшақ және өрт аумағын аэровизуалды тексеруді жүзеге асыру үшін 2 тікұшақ тартылды. Өрт басталғалы бері барлығы 1017 рет көлемі 3000 тоннадан астам су ағызылды.

Бас прокуратура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы орындар Абай облысындағы орманға қасақана от қою дерегін тексеріп жатыр