2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінген – Қаржы министрі

Жарияланды
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, оның сөзінше қаржыны игермеу барлық салада тіркеліп жатыр.

«Мұны арнайы комиссия анықтауы керек. Неге игерілмеді? Неге техника жетіспеді? «Семей орманы» резерватының өзіне биыл шамамен 6 млрд теңге қарастырылған. Қазір оны сараптау керек. Неге ол қаржы дер кезінде жетпеді? Қандай кемшіліктер болды? Оны комиссия анықтайды», – деді Жамаубаев Үкімет отырысынан кейін.

Премьер-министрдің орынбасары шығын да өрт сөндірілгесін белгілі болатынын атап өтті.

«Былтыр Түркияда өрт болып, дүниежүзінен көмек көрсетілді. Бар мүмкіндік жасалып жатыр. Бізге неге өзге елдер көмектеспей жатыр деген сұраққа жауап бере алмаймын. Онымен құзырлы орган айналысуы керек. Шығын да өрт аяқталған соң белгілі болады. Қажет болған жағдайда, Үкіметтің резерві мен жергілікті атқарушы органдардың резерві бар», – деді Жамаубаев.

Бұған дейін Ерұлан Жамаубаев Орман шаруашылығы комитетіне соңғы 3 жылда бөлінген қаражат туралы ақпарат берген болатын.

«2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте 121,5 миллиард теңге, биылға 52,7 миллиард теңге қарастырылған. Ал былтыр бөлінген сома одан да аз, нақты есімде жоқ», – деді Жамаубаев.

Сондай-ақ оқыңыз