Абай облысында өрттен зардап шеккендер үшін бірнеше гуманитарлық көмек орталығы ашылды
Фото: kursiv.media
Абай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек беру үшін «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында арнайы шот ашылып, облыстың әр аймағында гуманитарлық орталықтар жұмыс істей бастады.
Облыс әкімдігі қаза тапқан Успен орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат көздерінен қажетті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
«Бүгінгі таңда әрбір отбасына жеке карточкалар рәсімделді. Сонымен қатар, зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында арнайы есепшот ашылды. Барлық мемлекеттік төлемдер уақытылы және толық көлемде төленетін болады. Апат пен зардаптарды жою жұмыстары бақылауда», деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Жалпы бес гуманитарлық орталық ашылған. Оның үшеуі Семей қаласында ашылды. Біріншісі Amanat партиясының филиалынан, қалған екеуі Құрылыс және Электротехникалық колледж ғимараттарында орналасқан.
Ал екі орталық Озерки және Бородулиха ауылдарында ашылды.