Абай облысындағы ауқымды өрт фактісі бойынша Юрий Ильиннің жұмысы тексеріледі

Жарияланды
Фото kursiv.media

Фото: kursiv.media

Бас прокуратура Абай ауданындағы ауқымды өрт фактісі бойынша бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің жұмысын тексереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Ахметжанов журналистерге берген жауабында бірнеше нұсқа бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты. Олардың негізгілері – жұмысына немқұрайлы қарау, қасақана өрт қою және найзағай түсу салдары. Министр бұл істі осы топтың құрамындағы арнайы прокурорлар, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері қолға алғанын айтты. Жалпы, тергеуге екі ай уақыт берілді.

«Президент Бас прокурорға тапсырма берді, соның аясында тексеру жүргізіледі. Өрт фактісінің өзі төтенше жағдай, адамдар қайтыс болды, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру жұмыстары жүргізіледі. Неліктен дер кезінде шара қолданбағанын тексереміз. Ол немқұрайдылық болды ма, қызметтік міндеттерін дұрыс орындамаудан туындады ма, анықтаймыз», деп жауап берді Ахметжанов.

Ішкі істер министрлігінің басшысы әзірге Юрий Ильинге қатысты жеке қылмыстық іс қозғалмағанын, бірақ оның кінәсі анықталса, тергеу барысында айып тағылатынын айтты.

Журналистер Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан да Юрий Ильиннің не себепті бірден Абай ауданына бармай, президенттің тапсырмасын күткенін сұрады. Ол сол үшін қызметінен де босатылған болатын.

«Өкінішке орай, біз осы сәтті жіберіп алдық және бұл өрттің ықтимал ауқымын жете бағаламадық. Бастапқыда өртті сөндіруге «Семей орманы» орман шаруашылығының күштері жұмылдырылды. Өртті сөндіру мүмкін емес екені белгілі болған кезде, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің күштері тартылды », деді Скляр.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз