Депутат биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деген қауіптенеді

Жарияланды
ЖЭО
Фото: freepik

«AMANAT» жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Астанадағы ЖЭО-3 нысанына бақылау жүргізді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Осы Кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров астаналықтардың жылу жетіспеушілігіне шағымданатынын да жеткізді.

«Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес, біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргізудеміз. Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Адамдар Астанада жылудың жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан биыл қала белгіл бір дәрежеде жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар», – деп ескертті Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Айта кету керек, бұл нысанның құрылыс тарихы 2008 жылдан басталады. Сол кезде жобаның қажеттіліктеріне республикалық бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп, ал кейіннен бюджеті 122 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Алайда, нысанның осыған дейін айтылған құнын 175 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Жоба мердігері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, алғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Техникалық аудит деректеріне сәйкес, нысандағы жұмыс 83% орындалған. Яғни, су жылыту қазандықтарын, қыздырғыштар мен желілік су құбырларын монтаждау жұмысы аяқталды. Сондай-ақ, Индустриалды парктен ЖЭО-3-ке дейін техникалық су құбыры салынды.

Инспекция барысында соңғы 15 жыл ішінде бұрын сатып алынған жабдықтың бір бөлігі ескіріп, қолдануға жарамсыз болып қалғаны анықталды.

«Сондықтан біз ай сайын бақылау жүргізіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын тексеретін боламыз. Бұл мәселені әкімдік пен министрліктердің өкілдерімен талқылап, жан-жақты бақылау жасаймыз. Егер нысан уақытында салынып бітпесе, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», – деді Ерлан Саиров.

Сондай-ақ оқыңыз