Жаңалықтар

Jusan Bank активтері Қазақстанға қайтарылды – Әділет министрлігі

Jusan Bank
Фото: Jusan Bank

Әділет министрлігі Jusan Group-тың қазақстандық юрисдикцияға қайтарылғанын мәлімдеді. Ведомства баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы Jusan Group шетелдік юрисдикцияға өтіп кеткен болатын.

Телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірқатар ірі активтері бар Jusan Bank Қазақстан үкіметінің бақылауынан шығып кеткен болатын.

«Енді, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен басқа мемлекеттік органдар бірлесіп шара қабылдап жатыр. Соның нәтижесінде Jusan Group-ты қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға мүмкіндік туды. Осыған сәйкес, арнайы құжаттарға қол қойылды», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Jusan Group өз қызметін Қазақстан заңнамасына сәйкес Үкімет пен басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жүзеге асырады.

Соның ішінде қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды.

Сонымен қатар, Әділет министрлігінің дерегінше, банк мемлекеттен алған көмекті мерзімінен бұрын қайтаратын болады.

Ал, Jusan bank өз кезегінде қаржы ұйымына бақылау Қазақстан Республикасына өткенін растады.

Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, банк өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүзеге асыруды жалғастыруда.

«Біз қазақстандықтардың қаржылық және қаржылық емес қызметтер бойынша артып келе жатқан сұраныстарын қамтамасыз ете алатын заманауи цифрлық банкингті құру бойынша қабылданған стратегияны ұстанамыз», делінген Jusan bank баспасөз қызметі таратқан хабарламада.