Орман шаруашылығы комитетіне соңғы 3 жылда қанша қаражат бөлінді: Жамаубаев жауап берді

Жарияланды
Ерұлан Жамаубаев / Kursiv.media

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев былтыр орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қанша қаражат бөлінгені және үш жылдық бюджетіне қатысты сұраққа жауап берді.

«2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте 121,5 миллиард теңге, биылға 52,7 миллиард теңге қарастырылған. Ал былтыр бөлінген сома одан да аз, нақты есімде жоқ», – деді Жамаубаев.

Үкімет отырысынан кейін журналист «неге мұндай жағдай болды? Жауапты министрлік қаржы сұрамағаннан немесе қаржы министрлігі қаражат бөлмегеннен болды ма?», деп сұрады.

«Белгілі бір нормативтер бар, біз сол нормативтер бойынша министрлікті қаржыландырамыз. Бір жыл ішінде барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Қарау керек», – деді министр Үкімет кулуарында.

Айтуынша, орман шаруашылығы комитетін қосымша қаржыландыру әзірге қарастырылмаған. Қанша көлемде қаражат керек екені анықталады.

«Алдын ала залал туралы әлі айта алмаймыз, себебі әлі өртеніп жатыр. Сол себепті барлық жұмыстың аяқталғанын, оның ішінде Роман Склярдың басшылығымен жұмыс істейтін комиссияның жұмысын күтейік», – деді Жамаубаев.

Айта кету керек, Абай облысында алапат өрттен келген залалдың, сонымен қатар, зардап шеккен, қара жамылған отбасыларына көрсетілетін көмектің көлемін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайтын болады. Осы комиссия құрамындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін де нақтылайды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жетекшілік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз