Қазақстанда инфляция үш ай қатарынан баяулап келеді – Пірматов
Фото: kursiv.media
Қазақстанда инфляция үш ай қатарынан баяулап, мамыр айында жылдық мәнде 15,9%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6%-ды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.
«Жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғары 26,2%-дан 16,5%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы – 17,2%-ға, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ға дейін бәсеңдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен жанар-жағармай бағасы өскенін атап өткен жөн», – деді ҰБ төрағасы.
Ұлттық Банк инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады деп күтеді. Өйткені сыртқы экономикалық конъюнктураның жақсаруы инфляцияны тежеуге ықпал етеді.
«Ол азық-түлік бағасының одан әрі төмендеуінен және сауда-серіктес елдердегі төмен инфляциядан байқалады. Базалық сценарийде белгіленген мөлшерге қарағанда бюджет шығыстарының айтарлықтай өсуі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағасының өсудегі жанама әсері, логистикалық және өндірістік жеткізу жолдарын қайта құру ісінің баға белгілеуге әсер етуі және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде бекітілу ықтималы инфляция болжамының тәуекелдеріне жатады», – деді Пірматов.
26 мамырда Ұлттық Банк тәуекелдер балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырған.