Жаңалықтар

Қазақстан өртке байланысты шет мемлекеттерден көмек сұраған жоқ – СІМ

Фото: ТЖМ

Қазақстан Абай облысында шыққан орман өртіне байланысты шет мемлекеттерден көмек сұрамаған. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.

«Егер апат үлкен болса, оның салдарын жоюға мемлекеттің шамасы жетпей жатса, онда (басқа елден) көмек сұрауға мәжбүр болады. Әзірге біз ондай көмек сұрап жатқан жоқпыз. Алайда, менің естуімше, 1-2 мемлекет Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Өздеріңіз білесіздер, президент, министр Түркия және Өзбекстан басшыларымен телефон арқылы сөйлесті», – деді Смадияров.

Абай облысындағы өртті сөндіруге қазіргі кезде ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.