Абай облысында қайтыс болған тракторшыға жәрдемақы төлене ме?

Жарияланды

Абай облысында денесі табылған тракторшы алапат өрттің құрбаны болып саналмайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.

«Ол азаматтың денесі өрт алқабынан басқа жерде табылған. Өкінішке орай, қандай себеппен адам өмірден өтсе де, ол ауыр ғой, өзіне және оның отбасы үшін. Бірақ, ол өрттің салдарынан қаза болмаған. Сол себепті ол ондай азаматтар санатына жатқызылмайды», деді Жандос Өмірәлиев.

«Бұл азаматтың жақындары мемлекет тарапынан өтемақы ала алмайды ма», деген журналистер сауалына Бас прокурордың орынбасары, ол – облыс әкімдігінің құзырындағы шешім деп жауап берді.

«Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен азаматтарға көмек беру туралы тапсырма берді ғой. Мен Бас прокуратураның өкілі ретінде қабылданған шешімнің заң аясына сәйкес болуына жауап беремін. Ал, бұл мәселеде әкімдік қандай шешімді дұрыс деп табады, солай шешім қабылдайды», деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, 9 маусымда Сергей Архипов тракторымен өртті сөндіруге көмектесу үшін Қаштақ ауылына барған. Сол күні онымен байланыс үзілген. 

Абай облысының полицейлері 10 маусымда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Николаевич Архиповтың денесін тапты. Іздеу іс-шараларын жүргізу барысында, өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерде мәйіті табылған. Сараптама барысында оның жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болғаны анықталған еді.

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінетіні хабарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз