Азия Даму Банкі Алматыдағы LRT желісін қаржыландырмақ
Фото: kursiv.media
Алматы әкімдігі мен Азия Даму Банкі бірлесіп LRT желісін салмақ. Сонымен қатар электр автобустарын сатып алу және зарядтау станцияларын құру, тұрғын үй қоры мен қоғамдық ғимараттардың энергоаудитін жүргізу мәселесі де қолға алынады.
Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масацугу Асакавамен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев жасыл экономика жобаларын іске асырудағы ынтымақтастық талқыланған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Алматы әкімдігі тарапынан қала экологиясын жақсарту бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатыр.
«Бекітілген «2025 жылға дейінгі даму және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы» аясында қоғамдық көлікті экологияландыру және өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығарындыларды азайту жөніндегі жобалар іске асырылуда. АДБ қатысуымен ағымдағы жылдың 31 мамырында ЖЭО-2 жаңғырту туралы келісім жасалды. ЖЭО-2-ні табиғи газға ауыстыру нәтижесінде зиянды шығарындылар жылына 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін немесе 90%-ға қысқарады деп күтілуде», – делінген хабарламада.
Былтыр АДБ-мен бірлесіп Алматыда қоршаған ортаны ластайтын ауаның сапасын өлшеуге арналған 50 аспап (PM 2.5, PM10, NO2 қатты бөлшектер) орнатылған Олар Қазгидрометтің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және атмосфералық ауаның толық жағдайын онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді.