Шығыс Қазақстан мәслихаттары Даниал Ахметовтың орнына басқа әкім сайлай ма?
Фото: kursiv.media
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қызметінен босатылуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты осыған байланысты жиналыс өткізеді.
«Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы № 912 Жарлығына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысы 2023 жылғы 16 маусымда сағат 10.30-да Өскемен қаласында өтеді», делінген Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Д.Рыпаков таратқан хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысын 9 жылға жуық басқарып отырған Даниал Ахметов, бір облысты ең ұзақ басқарған, әрі еліміздегі ең жасы үлкен әкім. 15 маусым күні 69 жасқа толатын Ахметов, бұл лауазымға 60 жасында келген. Өткен жылы Президенттің баспасөз хатшысы Даниал Ахметовтың әкім ретіндегі өкілеттігі бір жылға ұзартылғанын хабарлаған болатын.