Жаңалықтар

Энергетика министрлігі Ресейден авиациялық отын мен керосин тасымалдауға тыйым салды

Энергетика минстрлігі мен ҚТЖ ресейлік авиациялық отын мен керосинді тасымалдауға тыйым салды. Соған әйкес 14 маусым мен 14 шілде аралығында Ресейден Қазақстанға авиаотын тасымалданбайды.

«Қазақстан темір жолы бір айға Ресей темір жолының барлық станцияларынан Қазақстанның барлық станцияларына керосин мен авиакеросинді тасымалдауға конвенция енгізді», делінген ҚТЖ хабарламасында.

Тыйым ҚТЖ-ның өтініші бойынша 8 маусымда енгізілген. Бұл тыйымның себебін Қазақстанның Энергетика министрлігі табиғи жағдайларға байланысты деп түсіндіреді.

«Қазақстан әуежайларының қажеттіліктері үшін Ресей Федерациясынан келетін авиакеросиннің шамадан тыс көп болуына байланысты, Алматы маңындағы темір жолы бойында 420-дан астам вагон цистерна немесе 25 мың тонна, 100-ден астам вагонда 6 мың тонна отын – Астана маңында тұр. Қоршаған ортаның температурасы 20 – 30 ° C жоғары болған кезде теміржолда өрт және жарылыс қаупі күшейеді. Осыған орай, министрлік 8 маусымда «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на жағдай қалыпқа келгенге дейін Ресей Федерациясынан авиациялық жанармай импортына шартты түрде тыйым салуды енгізу туралы хат жолдады», делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, соңғы кездері авиакомпаниялар мен әуежайлардан сұраныс төмендеп, Қазақстан Республикасындағы мұнай өңдеу зауыттарында артық қордың сақталуы да тыйым салуға себеп болған.

Мамыр айының соңында Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев республикада авиакеросин тапшылығы сезіліп жатқанын, сондықтан оны Ресейден импорттауға тура келетінін айтқан.

«Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі – ішкі нарықтағы авиа отынның тапшылығы және оның жоғары құны. Сондықтан отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етіп жатыр», деді министр.

Қазақстанда автокөлік бензинінің тапшылығы да сезілді. Соның салдарынан республика сұйытылған көмірсутекті газдың экспортын қысқартты.