Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.
Құжатты отырыста депутат Снежанна Имашева таныстырды.
«Жобалардың негізгі мақсаты – заңсыз иемделген және шығарылған активтерді іздеуге, пайда болуын растауға, қамтамасыз ету шараларын қолдануға және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.
Заң жобасында заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру секілді жағымды әлеуметтік-экономикалық тұстары бар», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Имашеваның айтуынша, жұмыс тобы заңды талқылау кезінде құжаттың бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстанның басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру үшін редакциялық, нақтылау сипатындағы түзетулер енгізген.
«Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындыларын берді», – деді депутат.
Депутаттар заң жобасы екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өте маңызды заң жобасы қабылданғанын, басты мақсат әлеуметтік әділдік орнату екенін жеткізді.
«Бұл жұмыс ауқымды реформалар аясында Президенттің пәрменімен іске асып жатыр. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да аталған мәселеге басымдық берілді. Бүгін осы заңды қабылдау арқылы үлкен қадам жасадық. Заңсыз әрекет жасағаны үшін ешкім де жауапкершіліктен құтыла алмайды. Сондықтан шетел асқан активтерді елге қайтару үшін бұл заң қажетті тетік пен мүмкіндікті қарастырып отыр. Заң жобасы жан-жақты талқыланды. Айтылған ұсыныстың барлығы заңда ескерілді. Бұл заң ел игілігіне жұмыс істейтініне еш күмәнім жоқ», – деп түйіндеді сөзін Қошанов.
Былтыр маусым айында Қазақстан Президенті экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия құрған. Оның қызметі заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға бағытталады. 2022 жылдың қыркүйегінде елге 518 миллиард теңге қайтарылды.
Мамыр айының ортасында бас прокурор Берік Асылов Қазақстаннан заңсыз шығарылған 760 миллиард теңгенің елге қайтарылғанын хабарлады.