«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнында тұтанған өрт 5 күннен бері сөндірілмеді

Жарияланды

Коллаж: kursiv.media

Маңғыстауда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы өрт әлі сөндірілмеді. Осы өртке байланысты өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен шұғыл кеңес өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңеске қатысушылар кен орнындағы өртті сөндіру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтқан. «Бозашы Мұнай» ЖШС бас геологы Александр Касьяненко ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыруды немесе газ қысымын төмендету үшін қосымша бүйірлік ұңғыманы қазуды ұсынды.

Жиында бас қосқандар апатты жоюдың түрлі нұсқаларын ортаға салды сондай-ақ, газ қысымының төмендеуіне байланысты өрт өздігінен жойылуы мүмкін деген пікірлер де айтылды.

«Бізде газ қысымы төмендеп, өрттің өзі сөнгенше күтетін уақыт жоқ. Өртті сөндіру шараларының алгоритмі шұғыл түрде жасалуы керек. Барлық жауапты тұлғалардың қосылуы қажет. Қаржыландырудың қажетті көлемі мен материалдық-техникалық база тізбегі көрсетілуі тиіс», – деді сала ардагері Балтабек Қуандықов.

Жиында Маңғыстау облысының әкімі кен орнындағы өрт қарапайым қауіпсіздік шараларының сақтамауынан болуы мүмкін екенін айтты.

Мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, техногендік апаттың себебі ұңғыманы бұрғылау барысындағы құрылыс жұмыстары кезінде ұңғыма сағасындағы газбен сұйықты тығыздаушы жабдықтың ашылуынан, яғни, герметизациялаудың бұзылуынан болуы мүмкін.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-ның қызметкерлері мен өртке қарсы күрес бөлімшелері апат орнында өртті толықтай жоюға дайын. Алайда бұрғыдан ұзақ уақыт газ-су өнімінің атқылауына байланысты қазір диаметрі 15 метр, тереңдігі шамамен 2-ден 3 метрге дейін шұңқырлар пайда болған. Соның салдарынан ошақ алаңына арнайы өрт сөндіру жабдықтарын жақындату мүмкін болмай отыр, делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

«Өрт болған орынға өртке қарсы қызмет пен көмекші техниканың жиынтық жасағыннан құралған 33 бірлік техника және жеке құрамның 89 адамы, сондай-ақ, арнайы техника жіберілді. Қажетті күштермен құралдардың барлығы кезекшілік режимінде», – деп хабарлады Маңғыстау облысы ТЖД.

«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт 9 маусым түнгі сағат 03-25-те ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде, №303 ұңғымадағы бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылауы себебінен пайда болған.

Сондай-ақ оқыңыз