Миллиондар жұмсалған жабдықтар: «Семей орманы» мекемесі мемлекет қаржысын қайда жұмсады?

Жарияланды
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

11 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына барып, жедел штаб отырысын өткізген еді. Сондай-ақ, өрт кезінде қайтыс болғандардың жақындарымен кездесіп, көңіл айтқан. «Курсив» тілшісі сол кездесуде айтылған ой-пікірлерге талдау жасады. «Рациялардың батареясы үнемі отырып жатады», «жолдасым өрт сөндіруге жеке көлігімен шығып кетті, өйткені қызметтік көлікте қосалқы бөлшектер жоқ», «оттегімен демалу маскалары берілмеді» деген сынды сөздерін назарға алып, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мемлекеттік сатып алу порталындағы хабарландыруларын шолып шықты.

Қайтыс болған Алексей Губаевтың әйелі Татяна Будюк президентке былай деді: «Неге менің күйеуім орманға өз көлігімен кетті? Неге орманшылықта үнемі барлық көлік бұзылып қала береді? Қосалқы бөлшек те өмірі болмайды. Неге?». Бұған Тоқаев «Техникалық жабдықтауға қатысты сауалыңыз дұрыс. Бұл қайғылы жағдайға қатысы бар адамның бәрі жауапқа тартылады» деп жауап берді. Ал енді осы жерде «Семей орманының» кейінгі жылдары алған техникаларына тоқталайық.

Парадокс: қосалқы бөлшектер қағазда бар, қолда жоқ

Мемлекеттік сатып алу порталына 9 маусым күні 22 лоттан тұратын Жүк көліктеріне қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы хабарландыру салынған. Сипаттамасында ГАЗ, Камаз, ЗИЛ жүк көліктеріне жалпы сомасы 3 958 500.00 теңгеге қосалқы бөлшек алынатыны жазылыпты. Өтінім 16 маусымға дейін қабылданады екен. Әзірге бір өтінім ғана берілген. 2022 жылдың аяғында осы жүк көліктеріне КАМАЗ, ЗИЛ, Газға қосалқы бөлшектер сатып алу туралы хабарландыру 520 000 теңгеге бір лотпен қосалқы бөлшек алынған.

Осыған ұқсас хабарландыру легін жалғастырайық. Келесісі — УАЗ, ВАЗ, Toyota Fortuner автокөліктеріне қосалқы бөлшек алу туралы. 28 лоттан тұрады, бөлінген сома — 8 786 500.00. Бір ғана өтінім берілген, екі күннен кейін аяқталады. Екеуінің де статусы — кім төмен баға ұсынса, жеңімпаз сол болады. «Жеңіл автомобильдерді ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар (тозған бөлшектерін ауыстыру арқылы) деген хабарландыру да назардан тыс қалдыра алмадық. Мемлекеттік сатып алу ақпанда өткен. Бұл мақсатта іс жүзінде 2 992 907 теңге бөлінген. Техникалық сипаттамасын ашып қарасақ, әңгіме осының алдында айтқан автокөліктер — УАЗ, ВАЗ, Toyota Fortuner туралы екен. Жалпы алғанда жыл сайын, тіпті арасына бір жыл салмай қосалқы бөлшектер алу, бұзылған жерлері болса жөндеу үшін ақша бөлінетінін порталдағы хабарландырудан көріп отырмыз. Ал іс жүзінде орындалғанын — өкінішке қарай көре алмадық.

goszakup.gov.kz сайтынан скриншот. Автокөлікке қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы хабарландыру

Одан соң АКБ аккумуляторларды сатып алу жайлы хабарландыру жарияланған. 13 өтінім беріліп, 4 лот бойынша да «НАБ-Центр» ЖШС жеңімпаз атанған. 10 дана 6 ст 190 А аккумуляторы — 980 мың теңге, 44 дана 6 ст 75 А  аккумуляторы — 1 496 000 теңге, 24 дана 6 ст 132 А аккумуляторы — 1 608 000 теңге, 50 дана 6 ст 90 А аккумуляторы 2 150 000 теңгеге алынған. 13 маусымда өтінім қабылдау аяқталып, жеңімпаз анықталды. Жаңа аккумуляторлар келісімшарт бойынша енді 16 күн ішінде жеткізілуге тиіс. Жаңарту мақсатында жарияланғанын көріп, бұған дейін осындай аккумуляторлар қашан алынғанын қарадық. Сөйтсек, былтыр ақпанда да осындай хабарландыру салынған екен. Биыл да жеңімпаз болған ЖШС өткен жылы  26 дана 6 ст 90 А аккумуляторын жеткізген. «Алаш-АКБ» ЖК 6 ст 75 А аккумуляторынан 15 дана жеткізіп берген. 

АКБ аккумуляторларды сатып алу туралы хабарландырудың скриншоты

Негізі мұндай аккумуляторлардың жарамдылық мерзімі 3-5 жыл арасында. Әрине, генератор жұмысына байланысты уақыты қысқарып не ұзаруы да мүмкін. Екі хабарландырудың арасында өткені — 4 ай. Артығымен, жаңасы қорда тұрғаны дұрыс. Көкейдегі сауал — техникалық жабдықтар осындай жиілікпен алынып тұрса, қосалқы бөлшек үнемі болмай, көлік неге бұзылып қала береді? Қызметкерлер жеке көлігін пайдалануға мәжбүр болатындай не себеп?

Қазір ашық тұрған хабарландырулар ішінде трактордың қосалқы бөлшектері де бар. Бөлінетін сома — 6 645 080 теңге. 24 000 000 теңгеге 8 өрт тіркемесін алуға да хабарландыру берілген. Осы ретте туатын келесі сұрақ: өрттің өршитін кезі — жаз, мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыруды жаздың бірінші айында салған. Неге ертерек қамданбаған? Егер сатып алу процесі әлдеқашан жасалып, өтіп қойғанда қызметкерлер өз көлігімен аттанбай, су жаңа техникамен жетер ме еді? Қосалқы бөлшектер мәселесі де сондай.

Бес айда арнайы киімдер тозып үлгерген бе?

Президентпен кездесу кезінде марқұмдардың туыстары арнайы киім, құрал-жабдықтар туралы да айтты. Олардың сөзіне сүйенсек, қызметкерлерді оттегімен демалу маскасы, қорғаныш киімі болмаса да, апыл-ғұпыл өрт сөндіруге жіберген. Рация да істемей, батареясы отырып қала беретінін де тілге тиек еткен. Портатив (тағатын) радиостанцияны сатып алу туралы хабарландыру 24 мамырда жарияланып, 1 маусымда жеңімпаз анықталған. «SG Eurasia» ЖШС 65 дана радиостанцияны жеткізіп беруге міндеттелген. Бұл мақсатта бюджеттен 3 133 928 теңге бөлінген. Осы ЖШС «Семей орманына» бір ай бұрын 6 стационарлық радиостанция жеткізген. Мемлекеттік сатып алу өтпей, бір көзден алынған. Жалпы сомасы — 910 714.26 теңге. Мамырдың басында «Батареяларды сатып алу» туралы хабарландыру жарияланған.

12 өтінімнің ішінен «Orda Sequoia» ЖШС иеленген. Жоспарлы сома 990 мың теңге болғанымен, іс жүзінде 484 мың теңгеге алынған. Осылайша 55 дана батарея алынған.

Жыл басында порталға өртке қарсы дабыл жүйелеріне қызмет көрсету туралы хабарландыру салынған. Бұл мақсатта бюджеттен 8 350 757.05 теңге бөлуге әзір болған.

Жалпы саны 53 лоттың біреуін ғана МАЙМАКОВ САБЫРЖАН КАКИМОВИЧ орындаса, қалғанында тапсырысты орындаушы — «Numas» ЖШС. Fire Watch орман өрттерін күресудің ақпараттық жүйесі бойынша техникалық қызмет көрсету және ағымдық жөндеу қызметтеріне қатысты хабарландыру да қаңтарда жарияланған. Бұған бюджеттен бөлінген сома — 16 469 017.86 теңге. Ашық конкурс нәтижесінде  «Прогресс ТК» ЖШС жеңімпаз атанған.

Арнайы киімге қатысты хабарландыруларды да қарап шықтық. Былтыр наурызда жарияланған сатып алу бар. Конкурс мүгедектер ұйымдары арасында өткізілген. Өлшемі 60 м/м болатын 85 костюм — 645 088.80 теңге, тік жағасы мен әрлеуі бар 4 халат — 32 142.84 теңге, 48, 52, 54 және 56 өлшемді 100 костюм әрқайсысына 758 928 теңгеден бөлінген. Тапсырысты «Нұршуақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі орындаған. Осы бірлестік бұдан бұрын да бірге жұмыс істескен. Атап айтқанда, жалпы сомасы 3 680 800.80 теңге болатын мемлекеттік сатып алу бір көзден өткізілген. Сондай-ақ, 2022 жылдың ақпанында тапсырыс орындаушы — РАЯНА 8 лот бойынша 2 001 875.88 теңгеге арнайы киім тіккен. Мұнда да байқау бір көзден сатып алынған. «Организация людей с ограниченными возможностями «ИНЖИР» ҚБ ашық конкурс нәтижесінде 13 955 100 теңгеге киім тігіп, тапсырысты орындаған. Қаңтарда  «СҚҚ» ҚБ «Семей ОӨК» 2 767 мың теңгеге арнайы киім тіккен. Түрлі өлшемдегі 80-нан астам халатқа тапсырыс берілген.

Арнайы киімге тапсырыс берілген хабарландырудың скриншоты

Бұл бағыттағы көлемді сатып алу деп мына хабарландыруды айтса болады. Жалпы сомасы 9 млн 930 мың теңгеге 30 лот өткізілген. Бұл тапсырыстарды бірнеше кәсіпкер орындаған. Оның ішінде әр өлшемінен бірнеше жүз бәтеңке, суаруға арналған костюм, былғары қолғап, резеңке қолғап, кирз етіктер, дәнекерлеуші киімдері, суық күнде қорғауға арналған костюмдер, қалың қолғаптар, қорғаныс каскалары, қорғаныш көзілдіріктері, респираторлар, бетперделер бар.

Арада өткен бес ай ішінде бұл арнайы киімдер қалай тозып не таусылып үлгергені белгісіз.  

Сондай-ақ оқыңыз