Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Сондықтан қаржыға инфляция әсер етпейді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Осы заң жобасын қарастырғанда инфляция мәселесін ескердік. Ақша доллармен жиналады. Ең бастысы (Ұлттық қорда балаларға – автор) жинақталған қаражат доллармен беріледі, яғни 18 жасқа толғанда балалар ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандайда бір инфляция болмайды», – деді министрдің орынбасары.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қаржы министрлігі өкілінің пікірін қолдайтынын атап өтті.
«Біз төлемдерді доллармен сақтаймыз. Әрине, доллардағы инфляция теңгеден төмен: 2-4%. Сондықтан табыс АҚШ доллармен есептеледі», – деді Молдабекова.
Бұған дейін Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жобаның бірыңғай операторы БЖЗҚ болатынын мәлім еткен болатын.
«18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады», – деді ол.