Tele2 және Kcell: «Қазақтелеком» құрамынан қайсысы бөлінеді?

Жарияланды
Фото: «Қазақтелеком»

Қазақстан ұялы байланыс операторларының бірін «Қазақтелеком» үлесінен шығару мәселесі талқыланып жатыр. Бұл жайлы LS басылымы жазды.

Бүгінде құрамына Tele2 және Kcell кіретін «Қазақтелеком» тобы отандық телекоммуникация нарығында басымдыққа ие. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан.

«Осыған байланысты нарықты демонополизациялау мақсатында «Қазақтелеком» компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін шығару шаралары жүргізілуде», делінген министрліктің басылымға берген жауабында.

Ведомство ұялы байланыс операторын бөліп шығаруды жүзеге асыру толығымен «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорында бекітіліп тұрғанын мәлімдеген. Министрлік өз кезегінде өз құзыреті шегінде ғана көмек көрсетеді.

«Ұялы байланыс операторларының бірін бәсекелестік ортаға шығару арқылы телекоммуникация саласын беймонополиялау Қазақстанның телекоммуникация нарығындағы бәсекелестікті түбегейлі күшейтуге жол ашады. Ол үкіметтің бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарына енгізілген», – деп сендіреді министрлік.

Еске салайық, операторлардың бірін компания меншігінен шығару мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді.

Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияны бәсекелестік нарығына 2022 жылдың соңына дейін шығуы мүмкін екенін хабарлаған. Мемлекеттік мекеме ұялы байланыс нарығында операторлардың бір компанияға шоғырлануы қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өткен.

2018 жылдың желтоқсанында Қазақтелеком Kcell компаниясының дауыс беру акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Ал 2019 жылдың мамыр айында «Қазақтелеком» мен Tele2 AB арасында шведтік ұялы байланыс операторынан Tele2-нің 49% үлесін сатып алу туралы келісімге келді. Бірлескен кәсіпорын 2016 жылдың ақпан айының соңында «АЛТЕЛ» және «Мобайл Телеком-Сервис» бизнесі негізінде құрылды, ондағы «Қазақтелеком» АҚ үлесі жарғылық капиталдың 51% құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз