Жеке меншікке сатылып кеткен мектеп мемлекетке қайтарылды – Облыс әкімі

Жарияланды

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Алматы облысында жеке меншікке өтіп кеткен мектеп, мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жайлы өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты.

«Облыста мектеп тапшылығы бар. Бізде 51 үш ауысымдық мектеп қолданыста. Сатылып кеткен мектепке келер болсақ, біз соттастық. Нәтижесінде сатып алған адам ол мектепті осы айдың 8 күні өз еркімен қайтарып берді»,- деді әкім.

Әкім сонымен бірге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 68 мың орындық 63 мектеп салынатынын, 50 мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылатынын айтты.

Жалпы осы жылы Алматы облысында 62 жоба жүзеге асырылып, оған 27,8 млрд теңге қаражат бөлінсе, жол жөндеуге 48,5 млрд теңге бөлінген.

Алайда өңір журналистерінің көбінің сауалында нашар жол мәселесі көбірек айтылды. Облыстың әр аймағында жолдың нашар екенін айтқан тілшілер, ол жерлерге бөлініп жатқан қомақты қаражаттың қашан жететінін сұрады.

« Былтыр 731 шақырым жол жөнделді. Ал биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінді. Біз қаражаттың бөлінуіне қарай жасап жатырмыз»,- деді әкім.

Облыс орталығы Қонаев қаласына ауысқаннан бері қала халқының саны он мың адамға артты. Соған сәйкес облыс орталығы Қонаев қаласының бас жоспары дайындалып, облысты дамытудың негізгі бағдарламасы бекітілген.  

Жалпы бағдарлама негізінде 147 елді мекен газға қосылды, 1,11 млн тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген. Ал жыл соңына дейін тағы да 9 елді мекен газға қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге биыл 3,2 млрд теңгеге 6 медициналық нысан құрылысы басталып кетсе «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 жаңа  нысан салу жоспары дайындалып жатыр.

«Жалпы, агроөнеркәсіп саласында облыс құс саны мен құс етін өндіруде көш бастап тұр, ал қой мен ешкі саны, жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары, картоп өсіруден республикада алғашқы үштікке кіреді», деді облыс басшысы.

Сонымен бірге өңір басшысы балық шаруашылығын дамытып, 5 мың тонна балық өнідірісінің қуатын алдағы жылы 17 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Жиында Қонаев қаласында рим-католик шіркеуінде тәбиеленіп жатқан жетімдерінің жағдайы туралы мәселе де көтерілді. Әкім шіркеуде тәрбиеленіп жатқан балалар жетімдер үйіне көшірілетінін айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз