Абай облысындағы жағдай тұрақталып, Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы тарқай бастады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Абай облысындағы жағдай тұрақталып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы жұмыс орындарына қайтарыла бастады. Мұндай шешім Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың қатысуымен өткен жиында қабылданған.

Өрт сөндіру орындарында Қорғаныс министрлігінің бес қызметкері, үш тікұшақ пен үш техникадағы жедел топ қалады. Сонымен бірге өңірдегі жағдайды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өрт сөндіру бекеттері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелері мен авиациялық күштер бақылауда ұстайды.

«Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, ашық өрттер де табылмады. Өрт басталғалы бері барлығы 2 525 рет көлемі 7423 тонна су төгілді», деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Абай ауданындағы өрт хроникасы

8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елді-мекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.

Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.

9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.

«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының өлі денесі табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.

ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз