Жаңалықтар

АЭС салу мәселесі референдумға шығарылмайды – Энергетика министрлігі

Фото pexels

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі референдумға шығарылмайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов айтты.

«Референдум болмайды. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Біріншіден, алаңның орналасқан жеріне қатысты сұрақ бар. Екіншіден, ең бастысы – технология және қаржылық-экономикалық модель. Ол қалай әсер етеді, біз мұны қалай жүзеге асырамыз деген мәселе бар», – деді министрдің орынбасары, Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Оның айтуынша, бүгінде осы салада жұмыс істейтін барлық компания Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Жақында Корея тарапымен келіссөз жүргізілген. Енді Энергетика министрлігі Қытай тарапынан шақыруды күтіп отыр.

Сондай-ақ Жандос Нұрмағамбетов АЭС-тің орналасқан жері мен оның құрылысын бастау мәселесі әлі шешілмегенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, (АЭС-тің орны мен салу уақыты) анықталмады. Қазір заң бойынша қоғамдық тыңдауда тұр. Бұл Алматы облысының мәслихатына қатысты. Қазір бізге жаңа министр келді. Осы мәселе бойынша жұмыс істеп, оны талқылап жатырмыз. Көптеген сұрақ бар, жұмыс істеп жатырмыз», – деді вице-министр.

2019 жылы маусым айында отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қасым-Жомарт Тоқаев, АЭС салу мәселесінде қажет болса референдум өткізетінін мәлімдеген болатын.

«Атом электр стансасының құрылысы біздің күн тәртібімізде жоқ. Егер болса міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Тіпті қажет болса бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз. Себебі бұл өте жауапты, өзекті мәселе. Сондықтан мен уәдемді орындаймын», деген еді Тоқаев.

Ал, биыл сәуір айында Президент МАГАТЭ басшысымен елімізде АЭС салу мәселесін талқылады.