Ең қымбат сапар 12 мың теңге: Алматы әуежайында такси тарифі бекітілді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы қаласының туризм жөніндегі Кеңесі аясында қаланың кәсіпкерлер палатасы жанынан жұмыс тобы құрылып, Алматы халықаралық әуежайында такси тарифтерін белгіледі.

Екі апта ішінде жұмыс тобы AparuTaxi, Region, Yandex Taxi, Uber, Blue Sky Energy және т.б таксиге тапсырыс беру қызметтері ұсынатын таксилердің құнын талдап, жүрудің орташа бағасын шығарды. Жолаушыларды тасымалдау тарифтері отырған жерден баратын пунктке дейін қашықтыққа әрі такси класына байланысты 1200-ден 12000 теңгеге дейін өзгереді. Ең жоғары баға әуежай терминалынан «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына дейінгі таксидің премиум сегментінде көрсетіледі.

«Бұл бағалар тұрақты емес. Жолаушылар үшін ұсынылатын баға, такси қызметтерінің құны ауа-райын, сұранысты және басқа деректерді ескере отырып өзгеруі мүмкін. Ұсынылған бағаларды ескере отырып, жолаушылар баға саясатын басшылыққа ала алады. Туристер үшін әзірленген бұл ұсыныстардың мақсаты – жауапсыз такси жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерін реттеу», делінген баспасөз хабарламасында.

Жұмыс тобының жұмысы нәтижесінде қалалық аймақтарды және ұсынылатын бағаларды қоса алғанда, ресми такси операторларының қызметтеріне тарифтерді көрсете отырып, ақпараттық стендтер мен буклеттер әзірленген.

Материалдар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жарияланған. Бұл ақпараттық стендтер Алматы қаласының халықаралық әуежайының терминалдарында ілінеді. Сонымен бірге кедендік бақылау аймағында шетел азаматтарының паспорттарына ақпараттық қосымша парақтарды тарату шаралары да көзделген. Сонымен қатар шетел қонақтары терминалдан шығатын туристік ақпараттық орталық тұғырынан қажетті ақпаратты ала алады.

Жұмыс тобына Алматы қаласының кәсіпкерлер Палатасы, Авиациялық көлік прокуратурасы, Алматы қаласының туризм басқармасы, Алматы қаласының халықаралық әуежайының және тағы да басқа мекемелердің өкілдері кірді.

Сондай-ақ оқыңыз