Алматыдағы АИТВ дауынан кейін министр Ажар Ғиният қызметінен кете ме?

Жарияланды
Глава Минздрава Ажар Гиният. Фото Аскара Ахметуллина

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрлік Алматыдағы қалалық ауруханада үш адамның АИТВ жұқтыруына кінәлілерді іздеп жатқанын мәлімдеді.

Сенат отырысы кулуарында журналистер министрден пациенттердің АИТВ жұқтыруына қатысты түсінік беруді сұрады.

Министр қазір комиссия жұмыс істеп жатқанын, оның құрамына ведомствоның үздік қызметкерлері енгенін айтты.

«Алдымен инфекцияның аурухана ішінде таралуының алдын алуымыз керек. Тексеру аяқталғаннан кейін толық ақпарат береміз. Енді біз толық эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, инфекцияның қайдан шыққанын, таралу жолын, ауруханаішілік инфекция болған-болмағанын анықтауымыз қажет», – деді министр.

Сонымен қатар журналистер министрден бұл оқиғаға қатысты өзін жауапты сезіне ме және отставкаға кету туралы өтініш жаза ма деп сұрады.

Ажар Ғиният қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтып, комиссия жұмысы нәтижесін күтуді өтінді.

«Қазір инфекцияның қайдан шыққанын, қалай жұққанын анықтайтын комиссия құрылғанын айтып тұрмын. Оған кім кінәлі екенін де солар анықтайды. Әзірге бірдеңе деуге әлі ерте», – деп жауап берді.

14 маусымда Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында АИТВ жұқтырған үш науқас анықталғаннан кейін, жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні белгілі болды.

Айта кетерлігі, Қазақстанда соңғы 10 жылда АИТВ жұқтыру көрсеткіші екі есеге артып, ал өлім көрсеткіші төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылдың соңындағы мәліметі бойынша, Қазақстанда АИТВ індетін жұқтырған 30,5 мыңнан астам адам тұрады. Былтыр шамамен 3 877 жаңа жағдай тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз