Жаңалықтар

Астана қаласына 5 айда 425 млрд теңге инвестиция тартылған

Фото: kursiv.media

Астана қаласына биыл 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайыздан артқан. Сондай-ақ 2023 жылы 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға және 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Ақорданың хабарлауынша, Президентке тұрғын үй алаптарын дамыту, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, әлеуметтік нысандар салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және қаланы абаттандыру мәселелері жөнінде есеп берілген.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, қаланың қоғамдық көлік бағдарлары бойынша 400 жаңа автобус пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына ауызсу станциясы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылысының барысы туралы мәлімет берілген. Мысалы, ССС-3 станциясы пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты тәулігіне 100 мың текше метр су жеткізуге жетеді. ССС-3 станциясының бірінші кезеңін маусым айының соңында, екінші кезеңін биыл тамызда іске қосу жоспарланып отыр. Бұған дейін Астана су қоймасынан су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарланған.