Фото: Freepik
Былтыр X Қаржыгерлер конгресінде Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемені 56-дан 40 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныс жасаған еді. 2011 жылдан бері барлық банк займдары мен микронесиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 56 пайыз болып келді де, 2021 жылдың жазынан бастап кепілмен берілетін кредиттер үшін жылдық мөлшерлемені 40 пайызға, ипотека бойынша 25 пайызға, 45 күн мерзімге 50 АЕК сомасына дейін ұсынылатын кепілді микронесие бойынша 30-дан 20 пайызға дейін төмендетілген болатын. Ал кепілсіз тұтынушылық несие және микроқаржы ұйымдарының несиелері 56 пайыз деңгейінде қала берді. Шаяхметованың айтуынша, осы соңғы 56 пайыз да 40 пайыз деңгейіне түсірілуі керек. Кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56-дан 44пайызға төмендету туралы заң жобасын да даярлаған. Бірақ бастама аяқсыз қалды. Енді бұл мәселеге Bloomberg те назар аударып отыр.
2023 жылдың наурызында Агенттік кепілсіз несие бойынша шекті мөлшерлемені 56-дан 44 пайызға түсіру туралы шешім қабылдап, бірақ көп өтпей жобаны кері қайтарып алған. Оған Қаржыгерлер қауымдастығының қысымы себеп болған. Материалда агенттіктегі шенеуніктердің бірі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 44 пайыз деп белгіленген құжат жобасының қайтарылуына Президент әкімшілігінен келіп түскен қоңыраудың да себеп болғаны жазылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың сөзінше, қаржылық жүктемені төмендетуге құбылмалылық кедергі келтіріп отыр.
«Қазір сыйақы мөлшерлемесі бойынша жағдай құбылмалы болып тұр. Ұлттық банктің базалық ставкасы – 16,75 пайыз. Біз халықаралық нарықтарға да мониторинг жасаймыз, ол жақта да ахуал аумалы-төкпелі. Ведомствоға ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені белгілеу үшін қосымша есептеулер жүргізу қажет болды», деп түсіндіреді ол құжатты кері қайтарып алудың себебін.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, Bloomberg материалында дәлел боларлық сүйекті дерек жоқ.
«Өкінішке қарай Bloomberg мақаласында қандай да бір анонимді дерек көзіне сілтеме, біреудің нақты фамилиясы жоқ. Тек Президенттің фамилиясы бар. Есесіне қазақстандықтардың несие жүктемесі туралы мифке сілтеме бар. Біз максималды ставканың төмендету нормасына ешқашан қарсы болған емеспіз және көптеген сарапшыларды тарта отырып, көпшілік алдында талқылауға шақырамыз», деп жазады сарапшы.
Үміт Шаяхметованың айтуынша, соңғы бір жыл бедерінде экономикаға барлығы 21 трлн теңге кредит берілсе, соның 13 трлн теңгесі – тұтынушылық несиелер (ипотеканы қоса алғанда).
«Қазір жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызбен реттеледі, соны 40 пайызға дейін төмендету керек. Соның нәтижесінде, банктердің маржасы азаяды және бөлшек несие беру бұрынғыдай аса тиімді болмайды. Қазір көбі табысты қолма-қол алғысы келеді. Өйткені ақша карточкаға түссе, проблемалық займның бар болуы себепті, ақшасы ұсталып қалады. Екінші жағдай – импорттық тұтыну тауарларының несиесі. Телефон, басқа да құралдар. Біздің халық өзінің төлей алатын мүмкіндігінің шегінде несие алу керектігін біле бермейді. Мүмкін несие амнистиясы жарияланып қалар, не болмаса банк банкроттыққа ұшырар, сөйтіп қарызымыз кешіріліп кетер деп үміттенеді», деді банк басшысы Қазақстан Қаржыгерлер конгресінде сөйлеген сөзінде.
Tengenomika сарапшыларының болжамынша, тиімді ставканы 16 пайызға кеміту халықтың несие төлеу мүмкіндігін біршама жеңілдетеді. ЖТСМ-ның 56-дан 40-қа дейін азаюы несиеге батқан халықтың проблемасын ішінара шешуге көмектесер еді деп ойлаймыз дейді канал сарапшылары.
Айта кетейік, ЖТСМ – бұл несие бойынша жылдық мәндегі барлық үстеме төлемдердің қосынды сомасы. 2022 жылы кепілсіз несиенің көбі 47,5 пайыз ставкасымен ұсынылған. Соңғы уақытта қатты қарқын алған инфляцияға және жоғары несие ставкасына байланысты қарапайым халық үшін несие рәсімдеу де, оны төлеу де оңайға соқпай тұр.
ЖТСМ-ның төмендеуі бұқара үшін өте маңызды. Өйткені тек соңғы жылдың өзінде кепілсіз несие көлемі 30 пайызға өсіп, 7,7 трлн теңгеге жеткен (2023 жылдың мамырындағы ақпарат). Осы уақыт ішінде қарыз алушылар саны 822 мың адамға өсіп, жалпы саны 7,5 млн-ға толған. Бірінші несие бюросының ақпараты бойынша, елде 1,5 миллион адамда төленбегеніне 90 және одан да көп күннен асқан кешіктірілген несие төлемдері бар.