Жаңалықтар

Жоғары аудиторлық палата Экология және Төтенше жағдайлар министрліктеріне тексеру жүргізеді

Фото: kursiv.media

Көлеңкелі экономиканың кесірінен Қазақстан бюджеті жыл сайын 4 триллион теңгеге дейін салықтан айырылады. Мұндай бюджет шығыны туралы Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова айтты.

«Көлеңкелі экономика салдарынан мемлекет бюджетіне жыл сайын кемінде 3-4 триллион теңге салық түспей қалады. Бұл көлеңкелі экономика туралы ресми деректерге негізделген есеп. Статистикада жалпы ішкі өнім 19 пайызға көтерілгені көрсетілген. Алайда, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін деген пікір бар», дейді Палата төрайымы.

Сонымен бірге, Годунова министрліктердегі тексерулер туралы айтты. Қазір көп талқыланып жатқан Экология және табиғи ресурстар министрлігін тексеру аяқталыпты.

«Қазір біз Экология және табиғи ресурстар министрлігінің аудитін аяқтадық. Бұл жалпы тексеру емес. Ертең осы ведомствоның тексеру қорытындысын қарайтын жиналыс болуы мүмкін. Онда, біз тағы бір қосымша аудит туралы шешім қабылдаймыз», деді ол.

Бұл орайда аудиторлардың назарынан Төтенше жағдайлар министрлігі де тыс қалмады.

«Өткен жылы Қостанай облысында, биыл Абай ауданында болған өрттерге Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология министрлігінің дайын емес екені көрінді. Сол себепті біз бұл ведомстволарды тексеруге қатысты қосымша шешім қабылдайтын шығармыз», дейді Годунова.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата басшысы Қазақстанда ұлттық жобалар мен бағдарламалар бойынша нәтижеге қол жеткізбегені үшін шенеуніктерге жауапкершілік енгізу ұсынды.