Мемлекеттік мекеме Атыраулық кәсіпкердің шотынан 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған
Фото: kursiv.media
Мемлекеттік кірістер басқармасы Атырау облысының кәсіпкерінің шотынан негізсіз 41,8 млн теңгені өндіріп алған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агнеттігінің баспасөз орталығы хабарлады.
Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне және өңірлік кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер шағымданып, басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін Мемлекеттік кірістер басқармасы қаражат өндіріп алғанын айтқан.
«Бұл ретте іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болған жоқ. Шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде кәсіпкер 42 қызметкерге жалақысы мен салық төлей алмады және келісім шарттық міндеттемелерді орындай алмаған», делінген баспасөз хабарламасында.
Өз кезегінде, облыстың Антикор қызметі ұйымдастырған мемлекеттік кірістер департаменті мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесудің нәтижесінде заңсыз алынған қаражатты қайтару жөнінде оң шешім қабылданды. Бүгінгі таңда кәсіпкерге қаражатты қайтару рәсімі жүргізілуде.